Қазақстанда жасалатын ең қымбат 10 ота түрі

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған қазақстандықтарға қолжетімді кейбір оталардың құны 20 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Tengri Health сұрауына берген жауабында 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында МӘМС есебінен төленген медициналық көмектің ең қымбат он түрін атады. 

Ең қымбат он ота мен процедура

1. Өкпе трансплантациясы

Бір отаның орташа құны

24,8 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 1 ота.

2. Феталдық дің жасушаларын трансплантациялау

Бір отаның орташа құны

17,9 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 73 процедура.

Жалпы шығын: 1,3 миллиард теңге.

Бұл – адам ұрығының тіндерінен алынған жасушаларды науқастың ағзасына енгізу процедурасы. Мұндай жасушалар бөлініп, ағзадағы белгілі бір жасуша түрлеріне айнала алады. Оларды зақымданған тіндерді қалпына келтіру мақсатында зерттеп жатыр.

3. Митралды қақпақшаны клиптеу

Бір отаның орташа құны

17,8 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 80 ота.

Жалпы шығын: 1,4 миллиард теңге.

Бұл – жүрекке жасалатын аз инвазивті ота. Оның барысында арнайы металл қысқыштың көмегімен митралды қақпақша арқылы қанның кері ағуы тоқтатылады немесе азайтылады.

4. Жүрек трансплантациясы

Бір отаның орташа құны

11,3 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 4 ота.

Жалпы шығын: 45,1 миллион теңге.

5. Қайтыс болған донордан бауыр трансплантациялау

Бір отаның орташа құны

10,4 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 3 ота.

Жалпы шығын: 31,3 миллион теңге.

6. Фармакорезистентті эпилепсия кезінде кезбе жүйкені ынталандыру

Бір отаның орташа құны

10,2 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 37 жағдай.

Жалпы шығын: 376,5 миллион теңге.

Бұл – дәрілер ұстамаларды бақылауға мүмкіндік бермейтін эпилепсияны емдеудің қосымша әдісі. Кеуде тұсындағы терінің астына шағын құрылғы орнатылып, ол электрод арқылы мойындағы кезбе жүйкеге жалғанады. Құрылғы жүйелі түрде электр импульстерін жібереді. Олар жүйке арқылы мидың жұмысына әсер етіп, ұстамалардың жиілігі мен ауырлығын азайтуы мүмкін.

7. Тірі донордан бауыр трансплантациялау

Бір отаның орташа құны

8,8 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 23 ота.

Жалпы шығын: 201,6 миллион теңге.

8. Бивентрикулярлық дефибрилляторды имплантациялау

Бір отаның орташа құны

8,7 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 680 жағдай.

Жалпы шығын: 5,9 миллиард теңге.

Ота барысында жүректің дұрыс жиырылуына көмектесетін және жүрек ырғағының қауіпті бұзылыстарынан қорғайтын арнайы электрондық құрылғы орнатылады.

9. Автоматты кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау

Бір отаның орташа құны

8,7 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 1 332 ота.

Жалпы шығын: 11,6 миллиард теңге.

Бұл – жүрек ырғағын үздіксіз бақылап отыратын шағын электрондық құрылғыны орнату отасы. Қауіпті ырғақ бұзылысы туындаған кезде құрылғы жүректің қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін автоматты түрде электр разрядын береді.

10. Автоматты кардиовертер-дефибриллятордың тек импульс генераторын имплантациялау

Бір отаның орташа құны

8,7 миллион теңге

2026 жылғы қаңтар-тамыз: 38 жағдай.

Жалпы шығын: 330,8 миллион теңге.

Мұндайда науқасқа құрылғының тек негізгі бөлігі орнатылады немесе ауыстырылады.

2025 жылы қай оталар ең қымбат болды?

2025 жылы ең қымбат медициналық қызметтердің тізімі сәл өзгеше болған. Төмендегі мәліметтер толық бір жылды қамтиды.

Бірінші орында феталдық дің жасушаларын трансплантациялау тұрған. Бір жылда осындай 132 процедура жүргізілген. Әрқайсысының орташа құны 18,3 миллион теңге болса, медициналық ұйымдар қорға ұсынған шоттардың жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгені құраған.

Екінші орынға митралды қақпақшаны клиптеу шыққан. Бір отаның орташа құны 17,3 миллион теңге болған. 2025 жылы осындай 54 ота жасалып, жалпы құны 936,8 миллион теңгеге жеткен.

Үшінші орында жүрек трансплантациясы тұрған. Оның орташа құны – 11,2 миллион теңге.

МӘМС қаражаты қай бағыттарға жұмсалады?

Қор мәліметінше, МӘМС жүйесіндегі шығындардың негізгі бөлігін стационар жағдайындағы мамандандырылған медициналық көмек, консультациялық-диагностикалық көмек, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек, жоғары технологиялық медицина және басқа да қызметтер құрайды.