Биыл қаңтар-тамызда Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық 578 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, бұл былтырғыдан 2 пайыз аз. Былтыр осы кезеңде мұндай 590 құқық бұзушылық жасалған, бір жылда көрсеткіш 7,2 пайыз азайған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған түзетулер күшіне енді. Яғни, полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуде арызданудан анықтау сипатына көшті. Бұл әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты, бірақ олардың дер кезінде ашылуы мен жолын кесу қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жәбірленушілерді аса ауыр қылмыстардан, соның ішінде кісі өлтіруден қорғауға көмектеседі.
Нәтижесінде, заңнамадағы өзгерістен кейін тек шілде-тамызда жауапқа тартылғандар саны үш есе артты. Мамыр және маусым айларында осындай 5,3 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, шілде мен тамызда олардың саны 16 мыңнан асты. Тиісінше, қамауға алынғандар саны екі есе өсті: 1 шілдеге дейін - 1392 адам, 1 шілдеден кейін - 2389 адам. Жалпы, ІІМ мәліметінше, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және мемлекет тарапынан жазаның бұлтартпастығына төзбеушілік үрдісі қалыптасып отыр.
Өңірлер бойынша ең көп отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматы облысында жасалған: сегіз айда 56 іс - былтырғыдан 13,8 пайыз аз.
Павлодар облысы екінші орында: 52 қылмыстық құқық бұзушылық, бір жылда 7,1 пайыз азайған. Одан кейін Қарағанды облысы: бір жыл бұрын 59 іс болса, биыл 47. Бір жылда көрсеткіш 20,3 пайыз азайған.
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең азы Маңғыстау (11 іс), Ақтөбе (13 іс), Қызылорда және Абай (әр облыста 16 істен) облыстарында тіркелді.
Биыл еліміздің 20 өңірінің 11-де отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтар санының төмендеуі тіркелді. Ең көп төмендеу Шығыс Қазақстан облысында (46,3 пайыз, 43 іске дейін), ең азы Астанада (6,8 пайыз, 41 іске дейін) байқалды.
2023 жылдың қаңтар-тамыз қорытындысы бойынша, барлық отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 37 пайызы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру болған. Мұндай 214 құқық бұзушылық тіркелді, бұл былтырғыдан 11,5 пайыз көп.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты 205 құқық бұзушылық тіркелді, көрсеткіш бір жылда 13,9 пайыз төмендеген.
Жиі кездесетін отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтардың қатарында, сондай-ақ адам өлтіру (64 іс), қажетті қорғаныс шегінен шығу арқылы денсаулыққа ауыр зиян келтіру (12 іс), он алты жасқа толмаған баламен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау (11 іс) болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!