Қазақстанда жаңа үлгідегі паспорт дайындалып жатыр: не белгілі?

Қазақстанда жаңа үлгідегі паспорт әзірленіп жатыр. Ішкі істер министрлігі өкілдері мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Былтыр желтоқсанда әлеуметтік желіде жаңа паспорт делінген суреттер тараған болатын. Желі қолданушылары құжат Оңтүстік Кореяның паспортына ұқсайтынына назар аударып, бұл жайт қызу талқыға түсті.

Tengrinews.kz коллажы

Кейін Ішкі істер министрлігі, расында да, жаңа дизайн дайындалып жатқанын, алайда әлеуметтік желіде тараған суреттердің ресми жобаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Бірнеше айдан кейін ІІМ жаңа дизайн бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын тағы да растады. Бұл жұмыспен ІІМ дизайн саласындағы мамандармен бірлесіп айналысып жатыр.

Жұмыс қашан аяқталатыны әзірге айтылған жоқ, құжаттың сызбасы да жарияланбады.

"Жаңа дизайнның сызбасын немесе макетін ұсыну мүмкін емес, өйткені құжаттың түпкілікті дизайны әлі бекітілген жоқ", - деді ІІМ өкілдері Tengrinews.kz-тің сауалына.

Айта кетейік, қазіргі төлқұжатты мерзімі аяқталғанша пайдалана бере аласыз.

"Төлқұжаттың жаңа дизайны бекітіліп, айналымға енгізілгеннен кейін бұрын берілген құжатты міндетті түрде ауыстыру талап етілмейді. Қолданыстағы төлқұжат мерзімі аяқталғанға дейін заңды күшін сақтайды", - деп толықтырды ІІМ өкілдері.

Қазақстанда төлқұжатты рәсімдеу немесе ауыстыру құны бет санына және өтініш берушінің жасына байланысты. 2026 жылғы базалық мемлекеттік баж мөлшері мынадай:

  • 36 бет (ересектер үшін стандарт паспорт) - 34 600 теңге (8 АЕК);
  • 48 бет - 51 900 теңге (12 АЕК);
  • 24 бет (16 жасқа дейінгі балалар үшін) - 17 300 теңге (4 АЕК).

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!