Қазақстанда жаңа туған сәбиге тұңғыш рет кистозды ісіктерді алып тастау бойынша операция жасалды

Қазақстанда тұңғыш рет Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургтары жаңа туған сәбиге туа біткен бірнеше кистозды ісіктерді алып тастау бойынша күрделі симультанды ота жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Мамандар туа біткен ас қорыту жүйесінің өте сирек кездесетін патологиясы: өңеш пен асқазан-ішек жолдарының екі еселенуімен дүниеге келген нәрестеге бір мезетте бірнеше өте күрделі ота жасап, баланың ішінде бір емес, бірнеше жерінде орналасқан кистозды ісіктерді алып, жаңа туған нәрестенің өмірін аман алып қалды.

Өңештен дамып қосарланған үлкен киста, бүкіл сол жақ кеуде қуысында орналасып, сол жақ өкпені қысылуына және нәрестенің туылғаннан бастап тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелді. Сондай-ақ іш қуысында кистозды үлкен ісіктер (түзілімдер) болды. Соның салдарынан баланың іші ұлғайып, іш қуысында қысымның жоғарылауын тудырды, ол өз кезегінде ішектің жұмысы мен нәжістің шығуының бұзылыстарына әкелді. Дүниеге келгеніне екі күн болған нәресте Талғар қаласы аудандық перзентханасынан ауыр жағдайда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына әкелінді. Баладағы туа біткен ақау ана құрсағында ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықталған.

Компьютерлік томография негізінде алдын ала қойылған диагноз: Асқазан-ішек жолдарының аралас қосарлануы, торакоабдоминалды түрі. Өңештің кистозды қосарлануы, аш ішектің кистозды және түтікті қосарлануы. Бес күн ішінде нәрестенің жағдайын қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Баланың өміріне қауіп төнгендіктен операция шұғыл түрде жасалды. Жаңа туған нәрестеге бір мезетте екі ота жасауға тура келді: сол жақтағы торакотомия, өңештің қосарланған бөлігін алып тастау және лапаротомия, он екі елі ішектің қосарлануын алу мен аш ішектің түтікті қосарланған аймағының резекциясы және ащы ішектің бір-біріне анастомоз арқылы қалыптастыру операциясы бір мезгілде жасалды.

Күрделі ота жалпы 4 сағаттан астам уақытқа созылды. Операцияны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері, өз ісінің тәжірибелі мамандары жасады. Отадан кейінгі 17-күні Даниал үйіне аман-есен шығарылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!