Қазақстанда жаңа сенім телефоны пайда болды

Қазақстанда жаңа сенім телефоны пайда болды
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен өткен кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелері талқыланды.

"Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған болатын. Осы тапсырманы орындау аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына (бұрын "AMANAT" партиясы жанында жұмыс істеген) тәулік бойы хабарласа алады", - делінген Үкімет хабарламасында.

Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетілетін болады. Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды.

Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл азаматтарға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Вице-премьер атап өткендей, байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктелген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина