Қазақстанда жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады?

Жаңа оқу жылының басталуына екі аптадай уақыт қалды. Massaget.kz тілшісі жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.

Мектептерге қатысты өзгерістер

Келесі оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жазғы демалыс ұзақтығы білім саласындағы көшбасшы елдермен салыстырғанда ең ұзақ, 92 күн. Демалыс және мереке күндерін есептегенде, балалар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн мектепке барады.

Қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқыту туралы шешім шығарылды

"Арнайы зерттеулер мен сараптамалардың қорытындыларына сәйкес, 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екені анықталды. Бала алдымен өз тілінде оқып және жаза білуі тиіс", - деді оқу-ағарту министрі баяндамасында.

Қазақ тілді мектептерде 2-сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектепте 3-сыныптан басталады.

Оқушыларды ерте кәсіби бағдарлау үшін "Еңбекке баулу" және "Бейнелеу өнері" пәндері 1-сыныптан бастап енгізіледі.

Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілмеді. Оқушылар бұрын киген немесе алдын ала сатып алған формаларын кие алады.

Педагогтерді Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жұмысқа алу тәртібі қабылданды

Енді мектепке диплом негізінде ғана емес, өз пәні бойынша қосымша тестілеуден өткен педагогтар жұмысқа қабылданады.

ЖОО-ларға қатысты өзгерістер

Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы өседі

Бакалавриат шәкіртақысы 20 пайызға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін) өсті, оның ішінде педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 50 мың теңгеден 58 800 теңгеге дейін, магистратура және докторантура шәкіртақысы 15 пайызға (76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін және 172 500 теңгеден 195 мың теңгеге дейін) өсті.

Жалпы білім беретін пәндер мазмұнына өзгерістер енгізілді

Жоғары оқу орындарына кадрларды даярлау бағыттарының ерекшеліктерін ескеріп, жалпы білім беретін пәндер мазмұнына өзгерістер енгізілу мүмкін. Ал "Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы" пәнінің орнына "Қазақстан тарихы" пәні енгізілді.

Қолданбалы бакалавриат

Еңбек нарығын жоғары білім деңгейінде тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету және оларды даярлау үшін қолданбалы бакалавриат енгізіледі. Биылдың қыркүйегінен бастап пилот режимінде 8 ЖОO-да жаңа бағдарламалар іске қосылады.