13 қыркүйекте Apple iPhone 15 және iPhone 15 Pro-ны таныстырды. Смартфон әзірге Қазақстанда жоқ. Алайда кейбір қосымшаларда оның алдын ала бағасы шыға бастаған. Massaget.kz тілшісі жаңа iPhone-ның орнына не алуға болатынын есептеп көрді.
Әзірге iPhone Pro Max-тың болжамды бағасы ғана белгілі. Егер 1 410 000 теңгеңіз болса 256ГБ iPhone Pro Max ала аласыз. Оның үстіне 60 мың теңге қосып, 1 470 000 теңгеге 512 ГБ алсаңыз болады. Ол аз десеңіз 1,5 миллион теңгеге 1 террабайт iPhone Pro Max алсаңыз болады.
Ал енді жаңа смартфонның орнына не алуға болатынын есептеп көрейік. Айта кетейік, тауарларды есептеуде Қазақстандағы орташа баға ескерілді.
Қандай көлік алуға болады?
Көлік сату-сатып алуға арналған танымал платформа kolesa.kz сайтында 1,5 миллион теңгеге бірнеше көлік бар. Мысалы 1,4 миллионға 1995 жылғы Volkswagen Golf маркалы көлігін сатып ала аласыз. Иесінің сөзінше, көліктің жағдайы жақсы.
Сонымен қатар, сайттағы қызық ұсыныстардың бірі - 1,5 миллион теңгеге 2004 жылғы ВАЗ (Lada) 2115 (седан) автокөлігін сатып ала аласыз.
Азық-түлік:
Ұн - 4000 келі
Ет - 714 келі
Сұйық май - 1973 литр
Сүт - 6818 литр
Шай - 365 келі
Жұмыртқа - 3957 дана
Шұжық - 1000 дана
Қант - 2500 келі
Картоп - 8241 келі
Нан - 12 500 дана
iPhone 15 орнына асүйге керек техниканың бәрін сатып алуға болады. Мысалы, біздің есептеуімізше, 750 719 теңгеге бір тоңазытқыш (орташа бағасы - 350 мың теңге), ыдыс жуғыш машина (215мың), газ плитасы (150 мың), мультипісіргіш (70 мың), микротолқынды пеш (40 мың), блендер (25 мың), ет тартқыш (30 мың), шырынсыққыш (50 мың), электр шәйнек (20 мың) келеді.
Егер қоғамдық көлікпен жүретін болсаңыз, 100 теңге (Алматыда) жолақысымен 15 000 рет автобусқа отыра аласыз. Ал өз көлігіңіз болса, 7317 литр АИ-92 маркалы жанармай құюға болады.
Қазақстанда орташа жалақы - 362 502 теңге. Жалақысы осындай адамдар жаңа iPhone алғысы келсе, басқа артық шығынды есептемегенде 4 ай бойы айлығын жинауы керек.
Сонымен қатар, бұл сомаға екі адам шетелге демалып қайта алады. Мысалы, елдегі туроператорлар ұсынған бағаға қарасақ, екі адам Грузияға немесе Мысырға 6-7 күндік турмен екі реттен барып қайта алады. Болмаса, бір рет Мальдив аралдарына баруға мүмкіндік бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!