Данияр Шәріп Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су дипломатиясы департаментінің директоры болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа департамент не істейді?
Су ресурстары және ирригация министрлігінде Су дипломатиясы департаменті құрылды. Жаңа департаменттің директоры болып Шәріп Данияр Есенұлы тағайындалды.
Жаңа құрылымдық бөлімше Қазақстанның су дипломатиясы саласындағы жұмысын жүйелі әрі дәйекті түрде жүргізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Департамент трансшекаралық су нысандары бойынша тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық комиссиялардағы еліміздің қызметін үйлестіріп, серіктес мемлекеттермен жүргізілетін келіссөздерге жауап береді.
Сонымен қатар, су саласындағы мемлекетаралық келісімдерді әзірлеу және іске асыру жұмыстарымен айналысады.
Данияр Шәріп туралы не белгілі?
Данияр Шәріп 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Гидрология мамандығы бойынша, Каспий қоғамдық университетін Құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және дамыту басқармасында сарапшы міндетін атқарушы ретінде бастаған. Кейін сарапшы және бас сарапшы қызметін атқарды.
2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаменті Трансшекаралық өзендер басқармасының бас сарапшысы болды.
2019-2023 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаментінде бас сарапшы, кейін Трансшекаралық өзендер басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2023-2024 жылдары Үкіметі аппаратының бас инспекторы болды.
2024 жылдан бүгінге дейін Су ресурстары және ирригация министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, кейін осы департаменттің директоры қызметін атқарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова