Қазақстанда жаңа айыппұл қолданыла бастады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не үшін айыппұл салынады?
Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске 2025 жылғы 13 наурызда өзгерістер енді.
"Негізгі жаңалық: бірінші рет заң бұзғаны үшін бұрын ескерту берілсе, енді бірден айыппұл салынады. Бұл өзгерістерге сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемесін 15%-дан асырған жағдайда кәсіпкерлерге ескерту жасалмай, бірден айыппұл салынады", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін бірінші рет заң бұзған кәсіпкерге тек ескерту беріліп, айыппұл 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда қолданылатын. Енді бірінші рет заң бұзғаны үшін де айыппұл салынбақ.
Мөлшері қанша?
Оның мөлшері мынадай:
- Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес – 5 АЕК (19 660 теңге);
- Орташа бизнес – 35 АЕК (137 620 теңге);
- Ірі сауда желілері – 150 АЕК (589 800 теңге).
Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.
Министрлік мәліметінше, бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақты ұстау және баға негізсіз өсуіне жол бермеу. Қазір сауда нүктелеріне бақылау күшейген.
Ведомство әр кәсіпкер ӘМАТ-қа белгіленген 15% шекті сауда үстемесін сақтауы керек екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 20 наурызға дейін 70 айыппұл (5 млн. теңге) салынып, 1119 ескерту берілген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 1 сәуірдегі жағдайға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі кейінгі аптада 0,3%-ға өскен.
Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың 185 елден, соның ішінде Қазақстаннан да импортқа баж салығын енгізу туралы шешіміне пікір білдірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова