Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылғы 25 желтоқсанда 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 2 000 теңгелік банкноттар айналымға шығарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл - "Сақ стилі" жаңа сериясынан үшінші банкнот. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін "Сақ стилі" элементтеріне негізделген.
Банкноттар жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші тоқсанында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.
Банкноттардың түсі - жасыл.
Банкноттың бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құспен "Өмір ағашының" бұтағы (Есік қорғаны, б.д.д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– артефакт - молшылық пен байлықтың символы ретінде мүйізді жануардың бейнесі (Қызылтоған қорғаны, б.з.д. 7-6 ғғ., Жетісу).
– ою-өрнекпен безендірілген қалқанның фонында ақбөкендер;
– "Қалқанды" бейнелейтін дөңгелек қазақ ою-өрнегі - құндылықтарды қорғаудың символы, ежелгі символ - әлемнің төрт қыры, орталықтағы күн белгісі Жасампаз энергия мен өмірдің символы ретінде.
Сондай-ақ банкноттың сырт жағында артефакт - ақбөкеннің басы бейнеленген (№4 қорған, б.д.д. 7 ғғ., Қазақстан, Торғай облысы Қостанай уезінің Данбар болысынан табылды). Банкноттың ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі "шексіздік" контуры бар, оның ішінде Бурабай көлінің бейнесі бейнеленген.
Номиналы 2 000 теңгелік жаңа банкноттар 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және 18 ай бойы айналыстағы 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік ұлттық валюта банкноттарымен (бұдан әрі - ескі үлгідегі банкнот) ауыстырылады.
Яғни ескі үлгідегі барлық банкнот бір жарым жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноттар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноттарға айырбастаудың қажеті жоқ.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноттардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылдың 25 желтоқсанынан 2026 жылдың 24 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.
Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 24 маусымнан бастап барлық банк пен "Қазпоштада" ескі үлгідегі банкноттарды 3 жыл ішінде, яғни 2029 жылғы 25 маусымға дейін жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады.
Жаңа үлгідегі (2024 жылғы) және ескі үлгідегі (2012 жылғы) банкноттар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті.
Олар еліміздегі ҚҰБ, "Қазпошта" және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!