Қазақстанда жалға берілген пәтерлер жекешелендіріледі

Бүгінде елімізде жалға берілген пәтерлерді жекешелендіруді қарастырып жатырмыз. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.

Министр бұл заң жобасы аясында жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру мәселесі қаралып жатқанын атап өтті.

"Біз әкімдіктен пәтерді жалға алған адамдарға баспананы сатып алу құқығын беру ақылға қонымды шара деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, пәтерлерді жалға беру ұзаққа созылып кетті. Адамдар бұл пәтерлерден көшпейді. Себебі, бұл – әлеуметтік осал топтар. Олардың жеке пәтер алуға мүмкіндігі жоқ.

Біз пәтерде тұру уақытын ескеріп, сатып алу ережесін қарастырып жатырмыз. Қазір бұл мәселе талқылануда. Мысалы, біз "егер адам пәтерде 5 жыл тұрса, баспана сатып алуға құқығы бар" деп қарастырып жатырмыз ", - деді Қанат Шарлапаев Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, жалға берілген пәтерлердің неше теңгеге сатылатыны алдағы уақытта белгілі болады.

"Пәтердің бағасы да маңызды элемент болып саналады. Олардың пәтерді нарықтағы бағамен сатып ала алмайтыны түсінікті. Сондықтан қазір баланстық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік беру туралы пікірталас жүріп жатыр", - деді министр.

Қанат Шарлапаев бұл баспаналарды жекешелендіру маңызды деп санайды.

"Мұнда адамдар жалға берілген үйлерде тұрып жатыр. Сіз пәтер иесі мен жалға берілген адамның үйге қалай қарайтынын білесіз. Мұны ескеріп, біз жалға берілетін тұрғын үйге жеке меншік құқығын беруді өте маңызды деп санаймыз ", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жалға берілген 36 мың пәтер барын, олардың тозып жатқанын айтқан еді.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз