- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жалдамалы пәтер...
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағасы қалай өзгерді және оған не себеп болды?
Жылжымайтын мүлік нарығы сарапшылары еліміздің ірі қалаларында жалға берілетін пәтерлердің бағасы қалай өзгеріп жатқанын және бұған не себеп болғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Консалтингтік компания директоры және жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Аасим Огай дәстүрлі "өлі" жаз маусымына қарамастан, еліміздің ірі қалаларында жалға берілетін пәтерлердің бағасы көтеріліп жатқанын атап өтті. Бұған пандемиядан кейін Қазақстан қалаларына уақытша көшуді ұйғарған туристер мен Ресей мен Украина тұрғындары ағынының артуы себеп болған.
"Еліміздің әртүрлі қаласында себептер әртүрлі. Мысалы, Шымкентте бұл жалпы жалға берілетін баспананың жетіспеушілігі, онда енді ғана тапшылықтың орнын толтыра алатын жаңа шаршы метрлер енгізіліп жатыр. Алматы мен елорда жағдайында туристер ағынының артуы, әсіресе Ресейден, сондай-ақ өнім құнының өсуі, бағамдық айырмашылықтар, инфляция сияқты басқа да факторлар басты себептер саналады", - деді сарапшы.
Аасим Огайдың айтуынша, Алматыда Райымбек және Саин көшелеріндегі тұрғын үйлерде бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы айына 150 000 теңгеден басталады. Шетелден келетін туристер мен қонақтардың көңілінен шыққан орталық аудандарда, сарапшы пікірінше, бағалар орташа есеппен 40-50 пайызға жоғары, ал кей жағдайда пәтердің жағдайына байланысты тіпті 100 пайызға дейін, яғни, бір бөлмелі пәтерге 200-300 мың теңгеге дейін.
"Мұндай баға себептері жоғары, тіпті өте жоғары сұраныстан. Риэлторлар отыратын көптеген чаттарда жақсы ұсыныстардың жоқтығы талқыланады. Бір жыл бұрын жазда Алматыда бір бөлмелі пәтерлерді 75 мың теңгеге жалға алуға болатын еді. Яғни, 100 пайыздық өсуді көріп отырмыз, бұл өте маңызды өсім", - деп қосты Аасим Огай.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы тамыз бен қыркүйекте баға тағы 30-40 пайызға көтерілуі мүмкін деп есептейді. Бұл студенттердің қалаға оралуымен байланысты болуы мүмкін. Аасим бағаны төмендетуге ешқандай себеп көрмейтінін айтты.
Қазақстандық жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Анна Шацкаяның айтуынша, жыл басынан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда жалға алу бағасы шамамен 5-6 пайызға өскен. Маусымда ресми статистикаға сәйкес, биыл алғаш рет елордада тұрғын үй бағасының 3,4 пайызға төмендеуі тіркелген.
"Жалдау мөлшерлемесінің өсуі тұрғын үйге сұраныстың жоғары болуына және оны сатып алуға арналған қолжетімді ипотекалық бағдарламалардың жоқтығына байланысты. Мамыр және маусымда БЖЗҚ бағдарламасының аяқталуына байланысты тұрғын үй нарығында сатып алу-сату операцияларының көлемі күрт төмендеді, бұл жалға берілетін бос пәтерлердің көбеюіне және сәйкесінше жалдау тарифтері мен бағасының аздап төмендеуіне әкелді", - деді Анна.
Тәуелсіз сарапшы Нұр-Сұлтанда пәтер жалдау ақысының орташа мөлшерлемесі қазір шаршы метріне 3986 теңге, Алматыда шаршы метріне 3852 теңге екенін атап өтті. Аумағы 35 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің бағасын есептесек, айына сәйкесінше 139 және 134 мың теңге болады. Сонымен қатар, Анна Шацкаяның айтуынша, тарифтер тұрғын үйдің ауданы мен класына байланысты 50-70 пайызға өзгеруі мүмкін.
Сарапшы сәуір-мамырда тұрғын үйге сұраныс 70 пайызға төмендегенін атап өтті. Маусым-шілдеде іскерлік белсенділіктің баяу қалпына келе жатқанын байқаймыз. Маусымда транзакциялардың өсімі 11 пайыз болған.
"Кейінгі жылы орташа есеппен жалдау тарифтері 15-20 пайызға өсті. Сонымен қатар, теңгенің құнсыздануы сияқты фактор нақты табыс пен сатып алу қабілетінің төмендеуіне және жалдау ақысының өсуін тежеуге әкеледі. Ал қымбат сегменттерде - тіпті оларды төмендетуге", - деп қосты Шацкая.
Сарапшы тамызда оқу жылы мен бизнес маусымының жақындауына байланысты жалға берілетін тұрғын үй нарығында дәстүрлі маусымдық жандану күтілетінін атап өтті. Сонымен қатар, нарық қатысушылары жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаның іске қосылуын күтіп отыр. Ол күзге қарай нарықты біршама жандандыруға көмектеседі.
Д. Шәріпхан