Қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда жалақы неге аз екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр бүгінгі таңда 100-150 мың аралығындағы жалақыны қазақстандықтардың 35 пайызы алатынын айтты.
"300-600 мың аралығында 36 пайызы алады. Бүгінгі таңда экономиканың көрінісі сондай. Жалпы көп көмек беріліп жатыр. 2-3 жылдың ішінде мұғалімдер, дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Әлі де көбейеді деп сенеміз. Одан басқа ең төменгі жалақы 85 мың теңге", - дейді Такиев.
Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикалық сектордағы жалақы өндірістің өнімділігіне байланысты екенін айтады.
"Жалақы бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорындар табысы артқан сайын, қызметкерлердің жалақысын көтеруге тырысады. Екінші жағынан мемлекеттік қолдау шаралары кезінде қойылатын талап - қызметкерлерінің жалақысын көтеріп қоюы қажет. Егер бюджет саласы жайлы айтар болсақ, өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары бюджет есебінен мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерге жалақыны көтеру жұмыстары жүргізілді. Әлі де жүргізіліп жатыр. Сондықтан бюджеттің мүмкіндігінше халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жұмысты жалғастырамыз", - дейді Байбазаров.
Еске салайық, 14 қазанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова азаматтар жұмыстан қашқан немесе бас тартқан жағдайда мәселені заңмен реттеу керек деген ұсыныс білдірген болатын.
Министр Светлана Жақыпова бюджеттен ешкімге тегін ақша беріліп жатпағанын жеткізді.
"Біріншіден, әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Азамат жұмыс істеп, кейін жұмысын жоғалтып, жұмыссыз 6 ай отырған кезде ғана беріледі. Басқа азаматтарға өтемақы төленбейді. Республикалық бюджеттен ондай төлемдер жоқ. Тегін ақша беріп отырған жоқпыз", - деді ол.
Сонымен қатар ведомство басшысы кейбір азаматтар жоғары жалақы ұсынатын жұмыстарға да барғысы келмейтінін айтты.
Министр жұмыстан қашатындарға, бас тартатындарға қатысты мәселені заңмен реттеу керек деген пікір білдірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!