Елімізде жақын арада жанармай бағасы көтерілмейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Энергетика министрінің бірінші орынбасары хабарлады.
24.kz тілшісінің сауалдарына жауап берген Ұзақбай Қарабалин «Күзгі егін ору науқанында жанармай құны көтерілуі мүмкін» деген күдікті жоққа шығарды. Әдетте көктемгі не күзгі дала жұмыстары басталғанда отынға тапшылық болатыны белгілі. Алайда Вице-министр бензин бағасы әлемдік ахуалмен байланысты әсіресе көрші елдегі жағдайға қатысты өзгеріп отырады деп атап өтті. Айта кетейік, бүгінде еліміз мұнай өнімдерінің 30%-ын Ресейден тасымалдайды. Ал қазір жалпы қорда 230 мың тонна жанармай мен 140 мың тонна дизель отыны бар.