Қазақстанда Израильден әкелінген қауіпті парацетамол сатылып жатқаны рас па?

Қазақстанда Израильден әкелінген қауіпті парацетамол сатылып жатқаны рас па?
Фото: Midjourney

Әлеуметтік желілерде Израильден әкелінген аса қауіпті парацетамол туралы хабарлама тарады. Онда препарат Палестинаға арналғаны, бірақ Ресей мен Қазақстанда сатылып жатқаны айтылады. Сондай-ақ оны ішкен адам алтыншы күні қайтыс болатыны да айтылып жатыр. Алайда бұл - ескі фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Израильден әкелінген қауіпті парацетамол туралы жалған ақпарат 2017 жылы шыққан. Оны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің бас сарапшысы жоққа шығарды.

2018 жылы фейк Ресейде де тарады. Жалған ақпаратты Ресейдің денсаулық сақтау саласындағы қадағалау жөніндегі федералды қызметі (Росздравнадзор) жоққа шығарды.

"Бүгін тараған ақпарат ұзақ жыл бойы желіде жүрген фейкпен бірдей. Суретте қауіпті препараттың қаптамасы көрсетілген. Шығарылған мерзімі -­ 2016 жыл, ал жарамдылық мерзімі - 2019 жыл. Мерзімі өткен дәрі-дәрмектер Қазақстанның дәріханаларында сатылмайтыны анық, өйткені бұл процесс қатаң бақыланады", - деп жазылған басылым мәліметінде.

Қаптамада өндіруші Apex деп жазылған. Бұл - үнді компаниясы. Бұл хабарламадағы мәлімдемелердің жалған екенін тағы да растайды. Apex фармацевтикалық компаниясы парацетамол шығарады, бірақ оның қаупі туралы ешқашан хабарланбаған.

Парацетамол - қызуды басатын дәрі. Оны рецептісіз сатып алуға болады. Әр жылдары парацетамол туралы фейктерді Қырғызстан, Украина, Литва, АҚШ, Қазақстан фактчекерлері жоққа шығарды.

Демек Қазақстанның дәріханаларында сатылатын, қызуды басатын аса қауіпті дәрі туралы хабарлама - бұрыннан тарап келе жатқан фейк.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова