Қазақстанда ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі биыл төмендетілмейтін болды. Бұған дейін шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25 пайыздан 20 пайызға дейін азайту қараша айына жоспарланған еді. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгерісті 2026 жылғы 1 шілдеге дейін шегеріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Информбюро 31-ге сілтеме жасап.
Қазір банктерге ипотеканы 25 пайыздық мөлшерлемемен беруіне ешқандай шектеу жоқ. Мемлекет кейінгі жылдары тұрғын үй несиесін арзандатып, халыққа қолжетімді етуді көздеп келеді. Бірақ экономикалық жағдай мен инфляция деңгейі жоспарды жүзеге асыруға кедергі болған.
Ал Ұлттық банктің ресми өкілі Асан Ахметжан инфлиция бұған дейін төмен болғанын атап өтті.
"Бұған дейін инфляция 10-11 пайыз шамасында, ал базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде болды. Сол кезде 20 пайыздық шекті мөлшерлеме орынды саналатын. Ал қазір инфляцияның жоғары болуы және ақша құнының өсуі бұл параметрді қайта қарауды талап етеді", – деді Асан Ахметжан.
Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі енді мөлшерлемені есептеудің жаңа тәсілін енгізуді қарастырып жатыр. Бұл әдіске сәйкес ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі нарықтағы жағдай мен тұрғын үй бағасына байланысты есептелмек.
Мысалы, егер пайыз 25-тен 20 пайызға дейін төмендесе, 10 миллион теңгелік ипотека үшін ай сайынғы төлем 153 мың теңгеден 126 мың теңгеге дейін азаяр еді. Яғни, 27 мың теңгеге үнем. Дегенмен жылжымайтын мүлік сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы қазіргі жағдайда банктер мұндай жеңілдік жасауға мүдделі емес дейді.
"Қазір негізгі мәселе - базалық мөлшерлеме. Ол 1,5 пайызға көтерілді. Бұл несие құнымен тікелей байланысты. Сондықтан банктер де өз пайыздарын 1,5-2 пайызға арттыруға мәжбүр", – дейді сарапшы.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме 18 пайызға көтерілгелі бері көптеген коммерциялық банк ипотека беруді уақытша тоқтатқан. Сарапшылардың пікірінше, егер ипотекалық мөлшерлемеге қатаң шектеу қойылса, нарықтағы коммерциялық ипотека мүлде жоғалып кетуі мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек