Қазақстанда интим суреттермен бопсалағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Бүгінде интим сурет-видеоларымен бопсалау таңсық жағдай емес. Сондықтан құқықбұзушылықтың бұл түріне жаза заңда көрсетілген. Massaget.kz тілшісі елімізде жеке деректермен бопсалағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын адвокат Альбина Бақтиярқызынан сұрады.

Қандай жауапкершілік қарастырылған?

"Негізі Қазақстанда интим сурет-видеоларымен бопсалағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бопсалау әрекеті 194-бапта көзделген. Егер бұл әрекет адамдардың абыройы мен жеке өміріне зиян келтірсе немесе ар-намысына нұқсан келтірсе, онда кінәлі жазасы да қарастырылған", - деді Альбина Бақтиярқызы.

Егер бопсалаушы интим сурет-видеолар әлеуметтік желіде жарияланбауы үшін белгілі бір ақша сомасын талап етсе, 194-бабы - 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Ал жыныстық қатынасқа түсуге немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу секілді жеке мақсаттар үшін бопсаласа, ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы - 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар мұндай ақпаратты жинау да қылмыстық құқықбұзушылыққа жатады. ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 2-тармағына сәйкес:

  • адамның келісімінсіз оның жеке немесе отбасылық құпиясынан тұратын жеке өмірі туралы мәліметтерді заңсыз жинағаны үшін не 5 000 АЕК (18 миллион 460 мың теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл салуға;
  • не сол сомаға түзеу жұмыстарына;
  • не 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға;
  • не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу;
  • не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға қауіп төндіреді. 

Құқықбұзушыға қарастырылған баптың қандай ерекшелігі бар?

  • Бопсалаудың түрі мен ауырлығына байланысты қылмыстық жаза өзгеріп отырады;
  • Егер бопсалау барысында қаржы немесе басқа материалдық пайда талап етілсе, бұл қылмыстық жазаны күшейтеді;
  • Егер бопсалау көпшілікке таралатын құралдар арқылы жасалса (мысалы, интернет немесе әлеуметтік желілерде), бұл да жауапкершілікті күшейтетін фактор;
  • Сондай-ақ бопсалаудың қайта-қайта жасалуы немесе ұйымдасқан топпен жасалуы жазаны ауырлатады.

Бопсалау құрбаны көмекке қайда жүгініп, не істеуі қажет?

Бопсалау құрбандары алдымен құқық қорғау органдарына, яғни полицияға жүгінуі қажет. Бопсалау туралы арыз жазып, дәлелдерді (мәселен, хабарламалар, видеолар) ұсынған жағдайда қылмыстық іс қозғалады.

Сонымен қатар осындай жағдайларда психологиялық және заңдық көмек алу үшін тегін көмек көрсету ұйымдарына немесе сенім телефондарына жүгінуге болады.

"Бұл сұрақта мынаны айта кету керек: жалпы интим сурет-видеолармен қорқытатын негізгі екі категориядағы адамдар бар: біріншісі - бұрынғы жігіті, күйеуі не бір-бірімен өштескен әйел адамдар (әйел мен тоқал) болса, екіншісі - алаяқтар (ақша табу мақсатында)", - деді адвокат.

Интим сурет-видеоларды жариялап жіберсе ше?

Адвокаттың айтуынша, егер құқықбұзушы интим сурет-видеоларды алдын ала бопсаламай, әлеуметтік желіге жариялап жіберсе, онда ол бұл үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 4-тармағы бойынша, азаматтың жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату ретінде бағаланады.

"Егер жеке дерек интернет арқылы таратылса, онда құқықбұзушы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады", - деп түсіндірді адвокат.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде баланы қорқытқан тұлға қалай жазаланатыны хабарланған болатын. Заңгер маңызды сұрақтарға жауап берді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз