Әлеуметтік желілерде курс сататындар тексеріле ме? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Жуырда Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы жұрт "инфосығандардан" мезі болғанын айтты. Оның сөзінше, желіде түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетіндер көбейген.
"Желіде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар, блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр. "Аңқау елге - арамза молда" демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды", - деді депутат.
Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, халық жүздеген мың теңгеге бағаланған курсты несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып жүр. Депутат елдегі инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ доллары болатынын да айтты.
"Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллиард долларға жетуі мүмкін дейді. Олар мемлекетке салық төлей ме, өзі?!" - деді ол.
Депутат былтыр қабылданған "Онлайн платформа және онлайн жарнама" туралы заң жобасы осал болып жатқанын да сынады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі ресми сауалға жауапта әлеуметтік желіде тауар, курс сататындар қандай жағдайда тіркелетінін айтты:
"Әлеуметтік желі арқылы курс, тауар сататын жеке тұлғалар айтылған шарттардың біреуіне сәйкес келсе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті", - деп жазылған Massaget.kz-ке берген жауапта.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, блогер болу, әлеуметтік желіде қандай да бір курс, тауар сату үшін арнайы экономикалық қызмет түрінің жалпы жіктеуіші (ЭКЖЖ) қарастырылмаған.
Экономикалық қызмет түрінің жалпы жіктеуіші - кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық қызмет түрлерін жіктеу және кодтау тәртібін белгілейтін бес белгі деңгейіндегі ұлттық жіктеуіш.
Яғни блогерлер әртүрлі қызмет түрін көрсетуі мүмкін, мысалы:
- өзге де жеке қызметтерді ұсыну;
- демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру жөніндегі өзге де қызмет түрлері;
- бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама жариялау;
- жарнама агенттігінің қызметі.
"Көптеген блогер сауда, қызметтер (мейрамханалар, сұлулық салондары және т.б.), концерттік іс-шаралар сияқты кәсіпкерлік қызметтің басқа түрлерімен де айналысады. Сонымен қатар сауда-саттықпен айналысатын көптеген кәсіпкер өз тауарының жарнамасын әлеуметтік желіде парақшалар арқылы да жариялайтынын және түскен кірісінен тиісті салығын төлеп отырғанын айта кеткен жөн", - деп жазылған жауапта.
Жауапқа сүйенсек, салық органдары блогерлер, желіде курс, т.с.с. сататындарға қалған кәсіпкерлер секілді үздіксіз бақылау жүргізеді.
Комитет биыл блогерлердің қызметіне салық бақылауын жүргізу мақсатында 745 адамнан (тізімге Instagram, Youtube, TikTok желілерінде 20 мыңнан аса оқырманы бар жеке тұлғалар кірген) тұратын тізім жасаған.
"37 блогер салық есебінде жалпы сомасы 600 миллион теңгеге кірісін төмендетіп көрсеткен. Салық төлеушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданды. Қазір заңбұзушылықтар жойылды", - деп жазылған жауапта.
Комитет жауабына сүйенсек, қандай кәсіпкер болса да қолма-қол немесе мобильді аударым арқылы төлем қабылдау кезінде бақылау касса машинасының чегін ұсынуы қажет.
"Әлеуметтік желі арқылы қандай бір қызмет немесе тауар сатып алған жағдайда бақылау касса машинасының чегін талап етуді сұраймыз. Бұл - кәсіпкердің өз кірісінен салық төлеп отырғанының негізгі айғағы", - деп жазылған жауапта.
Кейінгі кезде түрлі курстарды сатып алып, алаяқтарға тап болып жатқандар да бар. Ішкі істер министрлігі Massaget.kz-ке жауабында бұл мәселені тікелей қадағаламаса да, тауар сату барысында заңбұзушылық немесе алаяқтық анықталса, тергеу жүргізілетінін хабарлады.
ІІМ жауабына сүйенсек, жыл басынан бері тауар сатылымдарына қатысты интернет алаяқтықтың 6 мыңға жуық дерегі тіркелген. Әрбір дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Ведомство алаяқтарға тап болған адамдарға бірқатар кеңес берді:
Айта кетейік, 2023 жылы 10 шілдеде "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заң қабылданды. Бұл - тікелей блогерлердің жұмысына қатысты заң. Заң бойынша Қазақстан аумағындағы онлайн платформаларға байланысты жарнама, оны жариялау, тарату, сақтау секілді процестер реттелетіні айтылды. Тиісті заңға сәйкес әлеуметтік желіні және ондағы онлайн жарнаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі бақылайды.
Заңға сәйкес блогер, инфлюенсер - әлеуметтік желілерде халыққа кәсіпкерлік қызмет мақсатында ақпарат жариялайтын желі қолданушысы.
Еске салайық, бұған дейін танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева "инфосыған" дегендерге жауап берді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!