Қазақстанда импорт көлемі төмендеді

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда импортқа тәуелділік біртіндеп азайып келе жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзіне сенсек, 2024 жылдың бірінші жартысында өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өскен. Өсім қара және түсті металлургия, химия, машина жасау және жиһаз өндіру салаларында тіркелді.

"Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салаларда оң серпін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізудің бірден бір тетігі – отандық өндірісті қолдау", - деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.

Министр отандық өндірушілерді қолдау аясында заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өтті.

"Біріншіден, мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізбесі кеңейтілді. Оффтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталды. Екіншіден, мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық тауарларды пайда лануға бақылау енгізілді", - деді ведомство басшысы.

Үшіншіден, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларында отандық тауарларға басымдық берілген.

"Төртіншіден, табиғи монополия субъектілері сатып алуларында отандық тауарларға 10 пайыз шартты жеңілдік қарастырылған, бұл тауарлардың бәсеке лестігін арттырады. Бесіншіден, "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк келісімшарттар жасасу шарттары жетілдірілді", - деді министр.

Қанат Шарлапаев осы жұмыстың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісі 4 пайызға өсіп, импорт 7 пайызға төмендегенін айтты.

"Импорттың төмендеуі машина жасау тауарлары, металл бұйымдар мен қағаз өнімдері бойынша тіркелді", - деді Қанат Шарлапаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз