- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда халықты әлеуметтік...
Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкерлерін таңдайды
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ҚР халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауын жариялайды. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында хабарланды.
Шараның мақсаты - әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, аталған саладағы ең үздік тәжірибені анықтау.
Байқау «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Зейнетақы жүйесінің үздік қызметкері», «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкері», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік ұйымдастырушы-менеджері», «Медициналық-әлеуметтік ұйымның үздік қызметкері» және «Үздік Үкіметтік емес ұйым» атты жеті номинация бойынша екі кезеңде өтеді.
Бірінші кезең (аймақтық) ағымдағы жылдың 5-15 қазан күндері аралығында, екіншісі (республикалық) – 15-20 қазан аралығында өтеді. Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау 2016 жылы 28 қазанда Астанада болады.
Байқаудың аймақтық деңгейіндегі ұйымдастырушылары – жергілікті атқарушы органдар (Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармалары), республикалық деңгейде – ҚР ДСӘДМ.
Байқауға қойылатын міндетті талаптар:
- Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі жұмыс өтілі кем дегенде 5 жыл;
- Еңбек жолындағы жетістіктері;
- Ағымдағы жылы тәртіптік және өзге де жазалардың болмауы;
- Еңбек ұжымындағы беделі мен қызметтестерінің құрметі.
Байқауға қатысу мүмкіндігі туралы толық ақпаратты Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 20 қазанындағы Президент жарлығымен бекітілген ҚР халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні ең жас кәсіби мерекелердің қатарында. Ол қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді.