Ішкі істер органдары халық көп жиналатын нысандарды әлі де тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда аймақтық тізімдерге террористік тұрғыдан қауіп болуы мүмкін, адам көп жиналатын 17 мыңнан аса нысан енгізілді. Жыл басынан бері 1804 нысан тексерілді. Оның ішінде ойын-сауық орталықтары, ірі сауда және қоғамдық тамақтану орындары, білім беру ұйымдары бар. Тексеру нәтижесінде заңнамада белгіленген қауіпсіздік талаптарын бұзған 581 дерек анықталды.
Кемшіліктер алғаш рет анықталған нысандардың басшылары мен меншік иелеріне оларды жою туралы нұсқамалар берілді. Сонымен қатар, сеніп тапсырылған нысанның терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды бірнеше рет бұзғандарға ӘҚБтК-нің 149-бабы бойынша 180 әкімшілік материал толтырылды. 48 миллион теңге айыппұл салынды.
"Тексерулер тек кемшіліктерді анықтаумен шектелмейді. Полиция қызметкерлері мекеме персоналының, сондай-ақ, күзет қызметінің төтенше жағдайлардағы іс-қимылдары туралы білімі мен дағдыларының деңгейін анықтап, оларға сабақ өткізеді. Мұндай түсіндіру жұмыстарымен 40 мыңға жуық қызметкер қамтылды", - деді ведомство өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз