8 наурыз жақындап келеді. Бұл мерекеде әйелдерге гүл сыйлайды. Алайда елімізде бір жыл ішінде гүлдің бағасы қымбаттаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Energyprom-да көрсетілген мәліметке сілтеме жасап.
Биыл қаңтардың соңында Қазақстанда өсімдіктер мен гүлдердің бағасы бір жыл ішінде 8,2% қымбаттады.
Өңірлер бойынша бағаның ең көп өсімі Қарағанды облысында байқалды. Өңірде бір жылда айтарлықтай, яғни 41,5%-ға қымбаттаған. Одан кейін гүлдердің бағасы Алматы облысында (18,1%) және Астанада (14,5%) қымбаттады. Ең аз жылдық баға өсімі Алматы қаласында тіркелді: 1,3%. Ақмола, Жамбыл және Жетісу облыстарында баға былтырғы қаңтардағы деңгейде сақталды. Тағы екі өңірде баға төмендеді: Павлодар облысында — бір жылда 0,9%, Ұлытау облысында — 6,1% арзандады.
Бүкіл әлемге танымал раушан гүлдері қаңтар айында ҚР ауыл шаруашылығы базарларында бір дана орташа есеппен 946 теңгеден сатылды. Ең қымбат Абай облысында: 1,4 мың теңге. Қостанай (1,3 мың теңге) және Шығыс Қазақстан (1,2 мың теңге) облыстарында сәл арзанырақ. Шымкентте ең арзан: бар болғаны 600 теңге. Батыс Қазақстан облысында раушан гүлі 648 теңге, Қызылордада 667 теңге.
2023 жылы Қазақстанда 17,6 млн гүл жиналған. Гүлдер еліміздің 20 өңірінің 13-де өсіріліп, жиналған.
Алматы облысында ең көп гүл жиналды: 7,8 млн дана, жылдық өсім 10,9 есе. Одан кейін Ақмола (5,3 млн дана) және Қарағанды (2,2 млн дана) облыстары.
Оқи отырыңыз: "Күйеуім неге сыйлық бермейді?" Психолог негізгі 6 себепті атады