Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан Ұлттық гидрогеология қызметі құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта аталған қызметті қайта құру мәселесімен айналысатын екі басқармасы бар департамент құрылды. ҚР Үкіметінің қарауына ұсынылатын ұйымдастыру құрылымы мен жарғылық құжаттар әзірленді.
"Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұсынысына сәйкес, Ұлттық гидрогеология қызметі жерасты суларын басқару, іздеу-барлау жұмыстары және олардың мемлекеттік мониторингі саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болады. Жерасты суларын ұтымды пайдалану мәселелері ерекше бақылауда болады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов болжам бойынша Қазақстандағы жерасты суларының қоры шамамен 40 текше километр екенін, оның 15 текше километрі қазіргі таңда пайдалануға дайын екенін атап өтті.
Бүгінде ел экономикасында бұл ресурстардың 7-10 пайызы ғана қолданылады. Министрліктің жоспарында – ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жерлерін суару және жайылымдық мал шаруашылығын қолдау үшін жерасты суларын белсенді түрде пайдалану, бұл ретте қорлардың сарқылуына және ластануына жол бермеу үшін қатаң бақылау қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан - су ресурстары шектеулі ел. Елдің кең-байтақ аумағына қарамастан, Қазақстанда әлемдегі тұщы судың қорларының 2%-дан азы ғана орналасқан. Сонымен қатар, су ресурстарының едәуір бөлігі көршілес мемлекеттерден келетіндіктен, ел сыртқы факторларға тәуелді.
Мәселен, биыл суару маусымында Қырғызстан Қазақстанға 534 млн текше метрден астам су берілді. Ал, 1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы елімізге 4 млрд текше метр, Тәжікстан 1 маусымнан бастап 488,6 млн текше метр су жіберді.
Одан бөлек, Қазақстанда су ресурстары біркелкі бөлінбеген: елдің оңтүстік және батыс аймақтарында су айтарлықтай тапшылыққа ұшыраса, солтүстік және шығыс аймақтарындағы жағдай тұрақты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!