Қазақстанда Ғазиз Байтасов атындағы медаль пайда болады

Қазақстанда Ғазиз Байтасов атындағы медаль пайда болады
Фото: gov.kz

Президент мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажет барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

"Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Кейінгі жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлініп келеді. Әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден "аға лейтенант" дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, "Заң және тәртіп" идеологиясын орнықтыру - жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.

"Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, аңыздағы немесе қолдан жасалған "батырларды" емес, бұрынғы және бүгінгі нағыз қаһармандарды құрмет тұтатын үйлесімді қоғам құруымыз қажет. Туған елі мен халқының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс. Олардың қатарында қаза тапқаннан кейін ерліктері мен батырлықтары еленіп, орден-медальмен марапатталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар, арнаулы орган қызметкерлері де аз емес. Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемеге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық наградаға қатысты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget