Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов тұрғын үйлерде, дәмханаларда және өзге де қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын қолдануды қатаң бақылауға шақырды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Министрдің сөзінше, газ баллондарын пайдалану, сақтау немесе толтыру талаптарының бұзылуы өрт пен жарылысқа себеп болуы ықтимал.
«Мұндай қауіптердің алдын алу үшін әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың бақылауын күшейту қажет», – деді Мұрат Мұханов Үкімет отырысында.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл жүйе арқылы олардың сатылған және қолданылған жерін, сондай-ақ техникалық жағдайын бақылау жоспарланған.
Төтенше жағдайлар министрі ескірген баллондарды айналымнан шығару мәселесіне де тоқталды.
«Тозығы жеткен газ баллондарын кезең-кезеңімен қолданыстан шығарып, оларды жаңасына ауыстыру тетігін әзірлеу қажет», – деді министр.
Алайда газ баллондарын ауыстыру жұмыстарының нақты қашан басталатыны және қандай тәртіппен жүргізілетіні әзірге белгісіз.
Мұрат Мұхановтың мәліметінше, Көкшетаудағы кәсіпорын 500 болат газ баллонын өндірген. Сонымен қатар Атырау мен Алматыда композиттік материалдан жасалатын баллондар өндірісін іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
О. Сансызбай