Қазақстанда есту қабілеті нашар азаматтарды есту аппаратымен қамтамасыз ету тәртібі өзгерді. Енді медициналық көрсетілім болған жағдайда науқастар мүгедектік мәртебесіне қарамастан есту аппаратын ала алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін есту аппараты тек ауыр дәрежедегі есту кемістігіне байланысты мүгедектігі бар азаматтарға берілсе, енді сурдолог дәрігердің қорытындысы негізінде мұқтаж науқастар да қамтылады.
Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының міндетін атқарушы Жанар Сәдуованың айтуынша, басты мақсат - есту қабілеті бұзылған адамдарға уақтылы көмектесу және олардың өмір сапасын жақсарту.
Жаңа жүйе аясында азаматтарға тек есту аппараты емес, оны жеке іріктеу, баптау, пайдалануды үйрету, сондай-ақ, кепілдік және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсету сияқты кешенді қызметтер ұсынылады.
Қазір нормативтік және ұйымдастырушылық жұмыстар аяқталған. Алдағы кезеңде өңірлерде қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!