Қазақстанда есіміңізді өзгерткіңіз келсе, не істеу керек? Нұсқаулық

Балаларына "біртүрлі" есім қоятын қазақстандықтар бар. Сондай-ақ өмірде есімін өзгертуге себепкер болатын түрлі жағдайлар болады. Ендеше, Қазақстанда кімдер есімдерін өзгерте алады және ол үшін не істеу керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сайтындағы мәліметтерге сүйендік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда кімдер есімдерін өзгерте алады?

16 жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы тегін, атын және әкесінің атын өзгерте алады.

16 жасқа дейінгі балалардың есімін өзгерту үшін өтінішпен заңды өкілдері, яғни баланың ата-аналары жүгінеді. Ал 10 жастан бастап баланың жеке деректерін өзгерту үшін оның келісімі талап етіледі.

Азамат есімді қандай себеппен өзгерте алады?

"Неке (ерлі - зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 257-бабы бойынша, есімді ауыстыру үшін мынадай себептер болуы керек:

- есім "біртүрлі" естіледі немесе оны айту қиын;

- жұбайымен ортақ текте болғысы келеді;

- ажырасқаннан кейін бұрынғы тегін қайтарғысы келеді;

- ата-анасының біреуінің ұлтына сәйкес келетін есімді немесе текті таңдағысы келеді (егер ата-анасының ұлты әртүрлі болса);

- өмірде қалыптасқан есімін қолданғысы келеді;

- ұлттық дәстүр бойынша әкесінің немесе атасының тегін алғысы келеді;

- тәрбиелеген адамның тегін алғысы келеді;

- хирургиялық жолмен таңдалған жынысқа сәйкес есімін өзгерткісі келеді.

Есімді өзгерту үшін қай жерге бару керек?

Есімді ауыстыру, өзгерту немесе түзету үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға (АХАТ) өтініш беруге болады, сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-ға өтініш беруге немесе "электрондық үкімет" порталы арқылы электрондық нысанда өтініш жіберуге болады.

Қандай құжаттар керек?

Таңдалған жаңа есім мен есімді өзгерту себебі көрсетілген өтінішпен қатар мына құжаттар қажет болады:

- өтініш берушінің туу туралы куәлігі;
- неке қию туралы куәлік;
- егер өтініш берушінің кәмелетке толмаған балалары болса, олардың туу туралы куәліктері;
- бала асырап алу туралы куәлік;
- ажырасуы туралы куәлік;
- өтініш берушінің суреті (2 шт);
- мемлекеттік бажды төлегенін көрсететін квитанция.

Өтініш пен қажет құжаттар қабылданған соң ол 30 күн қаралады. Егер өтініш қабылданбаса, азамат сотқа жүгінуге құқылы.