Қазақстанда ескі көлікті не істеуге болады? Нұсқаулық

Егер пайдаланудан шыққан, ешкім лайықты ақшаға сатып алмайтын ескі көлігіңіз болса, мемлекеттік бағдарламаны пайдалана аласыз. Бағдарлама қазақстандық өндірушілерден ақшалай өтемақы немесе жаңа автокөлік сатып алуға жеңілдік беруді көздейді. Оған өткізуге қандай көліктер жатады? Темір тұлпар өткізген жағдайда қанша өтемақы беріледі? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Кәдеге жарату үшін ескі жеңіл көліктер, жолаушылар және жүк көліктері қабылданады. Көліктердің жасына, моделіне және мақсатына шектеу жоқ.

Қандай көліктерді пайдаға асыруға болады?

  • Жеңіл көліктер. M1 санаты - жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізуші орнынан басқа 8 орыннан аспайтын көлік құралдары;
  • Жолаушылар көлігі.
    M2 санаты - жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынан басқа, техникалық рұқсат етілген максималды салмағы 5 тоннадан аспайтын 8-ден астам отыратын орны бар көлік құралдары.
    M3 санаты - жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынан басқа, техникалық рұқсат етілген максималды салмағы 5 тоннадан асатын 8-ден астам отыратын орны бар көлік құралдары;
  • Жүк көлігі.
    N1 санаты - техникалық рұқсат етілген максималды салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдары.
    N2 санаты - техникалық рұқсат етілген максималды салмағы 3,5 тоннадан асатын, бірақ 12 тоннадан аспайтын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдары.
    N3 санаты - техникалық рұқсат етілген максималды салмағы 12 тоннадан асатын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдары.

Кәдеге жаратуға тапсырар алдында автокөлікті арнайы ХҚКО-да тіркеу есебінен шығару қажет.

Фото: depositphotos.com

Көлікті тіркеу есебінен қалай шығарамыз?

Көлік "Азаматтарға арналған үкімет" МК КЕАҚ Мамандандырылған бөлімінде (арнайы ХҚКО) тіркеу есебінен шығарылады. Ол үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:

  • Жеке куәлік;
  • Техникалық құжат;
  • Нақты иелену кезеңі үшін салық төлеу түбіртегі;
  • Көлік құралын тіркеу туралы куәлік (КҚТК) және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (МТНБ) (арнайы ХҚКО-ға тапсырылады).
  • Техникалық құжаттар болмаған кезде жазбаша нысанда олардың жоғалу мән-жайлары көрсетіледі.

Ақшалай өтемақыны қалай аламыз?

Көлікті кәдеге жаратуға тапсыратын кезде мүлік иесіне екі таңдау беріледі. Біріншісі, ақшалай өтемақы, екіншісі, жеңілдік сертификаты. Егер ақшалай өтемақы таңдасаңыз, сізге белгілі бір мөлшерде ақша табысталады.

Шассиі және қозғалтқышы бар көлік үшін кем дегенде 48 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы алуға болады. Ал егер өтемақы сомасы 150 мың теңгеге жеткенін қаласаңыз, көлік төмендегі шарттарға сай болуы қажет: 

  • Дене (шасси);
  • Радиатор;
  • Сорғыш;
  • Магистраль қақпағы;
  • Қондырылған қозғалтқыш;
  • Беріліс қорабы;
  • Батарея;
  • Карданның штаттық саны;
  • Дөңгелектер (штат саны);
  • Трансмиссиялық қорап (егер өндіруші зауыт көздесе);
  • Пайдаланылған газ шығару жүйесінің тораптары мен бөлшектері;
  • Дөңгелектердің қоршау жабындары (қанаттар, штат саны);
  • Есіктер (штат саны);
  • Редуктормен жинақталған көпірлер (егер дайындаушы зауытта көзделсе);
  • Сұйық отынға, сығылған газға және пайдалану сұйықтықтарына арналған бактар мен бөшкелер;
  • Қажетті құжаттар.

Көлігіңіз барлық шартқа сай келсе, жеке тұлғалар келесі құжаттарды жинауы керек:

  • Кейіннен кәдеге жарату үшін ВЭТС қабылдау туралы өтініш;
  • Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (егер өтініш беруші ҚР резиденті болмаса, паспорттың көшірмесі);
  • Банктен банктік шоттың болуы туралы анықтаманың түпнұсқасы;
  • Кәдеге жарату үшін көлік құралын тіркеу (есептен шығару) актісінің түпнұсқасы;
  • ВЭТС-ті ВЭТС иесінің өкілі берген жағдайда, ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес рәсімделген сенімхаттың түпнұсқасы (№1 нұсқа, №2 нұсқа, №3 нұсқа).

Фото: elements.envato.com

Жеңілдік сертификатын қалай аламыз?

Егер жеңілдік сертификатын таңдаған болсаңыз, сізге қазақстандық өндірістің жаңа экологиялық таза көлік құралын сатып алуға жеңілдік сертификаты беріледі. Жеңілдік сертификатының мөлшері кәдеге жаратуға тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін өзгереді.

M1 санатындағы жеңіл көліктің шартқа сай барлық бөлшегі болса, 315 мың теңге ала аласыз. Олар: дене (шасси), сорғыш қақпағы, есіктер, рульдік басқару жүйесі, дөңгелектерді қоршау жабындары (қанаттар), қондырылған қозғалтқыш, қозғалтқышты салқындату радиаторы (егер дайындаушы көздесе), дөңгелектер, беріліс қорабы, батарея.

М2, N1, N2 санаттарындағы көліктің шартқа сай барлық бөлшегі болса, 550 мың теңге. Олар: дене, шасси, есіктер, дөңгелектер, қондырылған қозғалтқыш, қозғалтқышты салқындату радиаторы (егер дайындаушы көздесе), өзге де ауа немесе сұйық салқындату жүйелері (егер дайындаушы көздесе), батарея, беріліс қорабы, тарату қорабы, көпірлер және көпір редукторлары, ірі тораптық бөлшектер, жүріс бөлігінің аспалары, жетек біліктері (егер дайындаушы көздесе), рульдік басқару жүйесі, пайдаланылған газдарды шығару жүйесінің тораптары мен бөлшектері (бар болса).

М3, N3 санатындағы көліктің шартқа сай барлық бөлшегі болса, 750 мың теңге. Олар: кабина, шасси, есіктер, доңғалақ қондырмасы бар қозғалтқыш, қозғалтқышты салқындату радиаторы (егер дайындаушы көздесе), өзге де ауа немесе сұйық салқындату жүйелері (егер дайындаушы көздесе), батарея, беріліс қорабы, рульдік, басқару жүйесі, тарату қорабы, көпірлер және көпір редукторлары, ірі тораптық бөлшектер, жүріс бөлігінің аспалары, жетек біліктері (егер дайындаушы көздесе), пайдаланылған газдарды шығару жүйесінің тораптары мен бөлшектері (бар болса), гидравликалық жабдық сорғылар (компрессор), цистерналар, цилиндрлер, дистрибьютор сияқты (егер өндіруші қарастырса).

Бағдарлама сертификатты қолдану кезінде көлік құралының нақты санаты бойынша шектемейді. Жеңілдік сертификатын Қазақстанда өндірілген экологиялық таза көлік құралының кез келген санаты мен моделін сатып алуға пайдалануға болады.

Сонымен қатар бағдарлама бір көлік құралын сатып алу кезінде екі сертификатты қорытындылауға және басқа адамға сертификатты қайта тіркеуге мүмкіндік береді, бірақ екі реттен аспайды.

Сертификат тіркелген сәттен бастап оның қолданылу мерзімі - 12 ай.

Жеке тұлғаларға арналған қажетті құжаттар:

  • Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы;
  • Кәдеге жарату үшін көлік құралын тіркеу есебінен шығару туралы Акт (анықтама);
  • Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес рәсімделген сенімхаттың түпнұсқасы.

Шартқа қол қойылғаннан кейін мүлік иесі көлікке қатысты барлық құқықтан айырылады және оны қайтару мүмкін емес.

Ескерту! Алайда бірден темір тұлпарыңызды өткізуге асықпаңыз, өйткені Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта пайдаланудан шыққан көлік құралын (ВЭТС) және пайдаланудан шыққан өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын (ВЭСХТ) кәдеге жаратудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Тиісті НҚА әлі талқыланып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда ӨКМ (өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі) қағидаты 2016 жылы енгізілді: алдымен көліктер мен оның бөлшектеріне, ал 2020 жылдан бастап ӨКМ ауыл шаруашылығы техникасына (комбайндар, тракторлар) енгізілді. Ресми деректер бойынша бес жыл ішінде "Оператор РОП" 579 миллиард теңгеден астам сомаға төленген кәдеге жарату алымын жинады.

2022 жылы Қазақстанда осы жеке компаниямен жанжал туындады. Содан кейін негізгі топ-менеджерлер қамауға алынды. Ал "Оператор РОП" кәдеге жарату үшін ақша жинау құқығынан айырылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!