Қазақстанда ескі автокөліктерді өткізу жөніндегі бағдарлама іске қосылады

Ескі көліктердің иелері М1 санатындағы (жеңіл автокөлік) көлік құралын әрі қарай кәдеге жаратуға немесе орнына ақшалай өтемақы алуға тапсыра алады. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

Айта кету керек, көлік құралы екі категория бойынша бағаланатын болады: 150 мың теңге - толық комплектация үшін және жүрмейтін автокөліктер (шанақ, есік, қозғалтқыш, беріліс қорабы болуы міндет) үшін - 48 мың теңге.

Бағдарламаға қатысу үшін заңды тұлғалардан бағдарламаға қатысу туралы қол қойылған өтініш, ІІМ органдарындағы кәдеге жаратуға байланысты КҚ тіркеуден шығару туралы анықтама, өтінішкердің атына сенімхат (егер өтінішкер иеленуші боламаса), жеке куәлік көшірмесі немесе сенімді өкіл куәлігінің көшірмесі, есеп айырысу шоты, қолданыстан шыққан көлік құралын кәдеге жаратуға өткізу туралы шарт талап етіледі.

2016 жылдың қараша айының соңында қолданыстан шыққан көлік құралына кәдеге жарату бойынша қызмет көрсетуге байланысты байқау жарияланатын болады.

«Біз Энергетика министрлігімен бәрін бекіткеннен кейін, бұл бағдарламаны іске қосамыз. Біз оны 21 қарашада іске қосуға дайынбыз», - деді «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарушы директоры Рустам Темірбек.

Оның айтуынша, отандық өндірістің жаңа автокөлігін жеңілдікпен сатып алуға сертификаттарды беру бағдарламасы әзірленіп жатыр.

«Бастапқыда қолданыстан шыққан көлік құралын жинау және де отандық өндірушілерден 315 мың теңге көлемінде жеңілдік алуға болатын сертификаттарды тарату бағдарламасын іске асыру жоспарланған болатын. Бағдарлама нормативті-құқықтық актілерге өзгерістерді талап ететін болғандықтан, Энергетика министрлігінде түзетуде жатыр. Біз бұл бағдарлама тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін іске асырылады деп күтудеміз», - деді Р. Темірбек.

2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстандағы жеңіл көліктердің саны 6,201 млн-ды құраған, соның ішінде 2,347 млн көлік тіркеуден шығарылған, тіркелгені – 3,853 млн көлік. Шығарылған жылы бойынша 10 жылдан көп уақыт бұрын шығарылған жеңіл автокөліктердің саны басым – 58,8%.

Еске сала кетейік, 2016 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің (ӨКМ) қағидасы әрекет ете бастады. Оның аясында кәдеге жаратуға жинау жұмыстары енгізіледі. Үкімет Қаулысымен ӨКМ операторы болып – «ӨКМ Операторы» ЖШС компаниясы таңдалды. Оператордың функцияларына өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері таралатын өнімнің тұтынушылық қасиетін жоғалтқаннан кейін қалыптасатын қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру кіреді.