Қазақстанда енді бір, екі теңгеліктер шығарылмайды

Қазақстанда енді бір, екі теңгеліктер шығарылмайды
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда енді номиналы 1 және 2 теңге болатын тиындар шығарылмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, бұл шешім осындай шағын номиналды тиындарды шығаруға қосымша шығын кетуіне байланысты қабылданған.

"Оны шығару орынсыз екенімен келісеміз (1 теңгені - еск.), сондықтан негізгі жоспарымыз мынадай: ол айналымда бар, қала береді, бірақ қосымша шығаруды жоспарлап отырған жоқпыз. Сондай-ақ, бұл 2 теңгеге де қатысты", - деді Сүлейменов Сенат дәлізінде.

Ол айналымдағы тиындар алынбайтынын, алайда жаңаларын шығару тоқтатылатынын мәлімдеді.

"Айналымда, қалтамызда жүргендерді алып тастамаймыз. Бірақ жаңасына ақша жұмсамаймыз", - деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget