Қазақстанда электросамокат міну тәртібі өзгереді: 1 шілдеден бастап неге дайын болу керек?

Қазақстанда электросамокат міну тәртібі өзгереді: 1 шілдеден бастап неге дайын болу керек?
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттарды тебу ережелері өзгереді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді. Бұл өзгерістер кикшеринг қызметі мен электрсамокат пайдаланушыларға қойылатын талаптарды күшейтеді.

Енді операторлар самокаттардың техникалық жағдайын бақылауға, пайдаланушының жеке басын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге, сақтандыру рәсімдеуге және самокаттардың дұрыс тұрақталуын қадағалауға міндетті болады.

Кәмелетке толмағандарға және жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға электрсамокат жалға беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, тротуармен жүруге шектеу қойылады. Арнайы белгіленген аумақтардан басқа жерлерде электрсамокатпен тек веложолақпен, жол жиегімен немесе жолдың оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі.

Анықтама: Кикшеринг – бұл мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін электрсамокаттарды аз уақытқа жалға алу сервисі.

тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі: кәмелетке толмағандар мінсе, кім жауап береді?

Салтанат Әзірбектің ӨКҚ алаңында айтуынша, жаңа заңда электрсамокаттардың мәртебесі нақты айқындалған. 2026 жылғы шілдеден бастап олар толыққанды көлік құралы ретінде танылады.

Өзгерістерге сәйкес, электрсамокатты тек 18 жастан асқан және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар басқара алады.

Оның айтуынша, балалар көбіне ата-анасының аккаунты арқылы самокат жалға алып жатады. Мұндай жағдайда жауапкершілік ересектерге жүктеледі.

Әзірбек заңбұзушылық анықталған жағдайда ата-аналар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапқа тартылатынын атап өтті. Бұл бап ата-аналық міндетті тиісінше орындамау және баланы жеткілікті деңгейде бақыламау жағдайларына қатысты қолданылады.

Самокаттарда мемлекеттік нөмірлер болады

Жаңа талаптардың бірі – электрсамокаттарда міндетті түрде мемлекеттік тіркеу нөмірінің болуы. Бұл самокатты анықтауға, ереже сақталуын бақылауға және заңбұзушылықты тіркеуге мүмкіндік береді.

"Тіркеу нөмірлері міндетті болуы керек. Кикшеринг компаниялары оларды өз көліктеріне орнатады. Қажет болған жағдайда сол арқылы самокатты анықтауға болады. Барлық дерек кикшеринг базасында сақталады", – деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.

Бұдан бөлек, компанияларда азаматтық-құқықтық жауапкершілік полисі, яғни самокат біреуге зиян келтірген жағдайда қолданылатын сақтандыру болуға тиіс.

Самокат мінгендер тағы не үшін жазаланады?

электрсамокат пайдаланушылар басқа да ереже бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Мәселен, қорғаныс құралдарынсыз жолдың көлік жүретін бөлігіне шықса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша жауап береді. Бұл бап жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзуға қатысты.

Ал сақтандыру полисі болмаса, ӘҚБтК-нің 230-бабы, яғни міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзу бойынша шара қолданылады.

Егер самокат адамды қағып кетсе, жауапкершілік кикшеринг компаниясына емес, оны басқарған жүргізушіге жүктеледі.

Ведомство өкілінің айтуынша, кикшеринг компаниясы тек өз міндетін орындамаған жағдайда жауап береді. Ал жол апатына немесе адам қағу дерегіне самокатты пайдаланған адамның өзі жауапты болады.

Тротуарда шашылып жатқан самокаттар: күрес қандай болмақ?

Салтанат Әзірбектің сөзінше, кикшеринг компаниялары қауіпсіз инфрақұрылым жасауға міндетті.

"Осы заңда кикшеринг компанияларына бірқатар міндет жүктелген. Олар сапалы тұрақ орындарын ұйымдастыруы керек. электрсамокаттардың кез келген жерде шашылып жатпауын, жол қозғалысына да, жаяу жүргіншілерге де кедергі келтірмеуін бақылауы тиіс", – деді Салтанат Әзірбек.

Кикшерингтегі өзгеріс

Бұған дейін біз 2026 жылғы 1 шілдеден бастап кикшеринг иелері – жеке кәсіпкерлер мен компаниялар – самокаттардың электрсамокаттарды жалға беру операторлары үшін белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті болады.

Олар мыналарға міндетті:

  • Техникалық жағдайды қадағалау. Яғни, компаниялар тұрақты түрде техникалық қызмет көрсетуге, техниканың ақауын бақылауға және бұзылған самокаттарды алып тастауға міндеттеледі.
  • Пайдаланушыларды тексеру. Жалға бермес бұрын клиенттің жеке басын және жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеру қажет болады.
  • Айыппұлдар мен жауапкершілік туралы ескерту.
  • Цифрлық бақылауды жүзеге асыру. Әрбір самокат жылдамдықты қадағалауға, орналасқан жерін анықтауға, шектеу қойылған аймақтарда жылдамдықты автомат түрде төмендетуге және деректерді уәкілетті органдарға беруге мүмкіндік беретін технологиялармен жабдықталуға тиіс.
  • Тұрақты бақылау. Операторлар самокаттардың жаяу жүргіншілер мен көлікке кедергі келтіретін жерлерде қалдырылуына жол бермеуге міндетті болады.
  • Міндетті сақтандыруды ресімдеу (КҚИ АҚЖ МС). Әрбір самокат үшін көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты талап етіледі. Жолдың жүру бөлігіне шығуға тек сақтандыру мен тіркеу болған жағдайда рұқсат беріледі. Жол апаты болған жағдайда сақтандыру компаниясы зардап шеккендерді емдеу шығындарын және үшінші тұлғаларға келтірілген залалды өтейді.

Сонымен қатар, жалға берілетін әрбір самокатқа корпусына орналастырылатын тіркеу нөмірі беріледі.

Келесі жағдайларда жалға алуға тыйым салынады:

  • 18 жасқа толмаған тұлғаларға;
  • жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға;
  • көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғаларға.

Бұл ретте жүргізуші куәлігінің болуы пайдаланушының жолдың жүру бөлігіне шығу-шықпауына қарамастан міндетті болады.

Тротуармен жүруге тыйым салу

Өзгерістердің жеке блогы тротуарлармен жүруге қатысты.

Қазір ІІМ-нің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 24-тарауының 168-1-тармағы электрсамокаттардың мына орындарда қозғалуына рұқсат береді:

  • велосипед жолдары мен жолақтарында;
  • олар болмаған жағдайда – жолдың жүру бөлігінің оң жақ жиегінде;
  • жол жиегінде;
  • жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмеген жағдайда, тротуарда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен.

Жаңа ережелерде соңғы тармақшаны алып тастау жоспарланып жатыр. 1 шілдеден бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында қозғалуына тыйым салу көзделіп отыр.

Тек келесі шарттар орындалатын, арнайы белгіленген "аралас қозғалыс аймақтары" бар жаяу жүргіншілер көшелері ерекшелік болады:

  • жылдамдық сағатына 6 километрге дейін шектеледі;
  • жаяу жүргінші басымдыққа ие болады.

Бұл ретте велосипедтер мен қуаты шектелген шағын электрлі көлік құралдарының тротуармен жүру құқығы сақталады.

Қай жерде жүруге болады?

Өзгерістер өз күшіне енгеннен кейін электрсамокаттардың келесі жерлерде қозғалуына рұқсат етіледі:

  • велосипед жолдары мен веложолақтарда;
  • олар болмаған жағдайда – жолдың жүру бөлігінің оң жақ жиегінде (бір қатармен);
  • жол жиегінде.

Тәуліктің қараңғы уақытында самокат жарық беру құралдарымен жабдықталуы тиіс.

Тыйым салу мақсат емес

Алматы қалалық полиция департаменті бұған дейін электрсамокаттарға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатпағанын қадап айтты. Ведомство талаптың күшеюі жол апатының артуымен байланысты екенін атап өтті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget