Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы туындады: өңірлерде шектеу енгізілді

Қазақстанның энергия жүйесінің солтүстік, оңтүстік және батыс аймақтарындағы электр энергиясын тұтынуға шектеу енгізілді. Осылайша, апат режимі жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі KEGOC АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, желтоқсанда Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде (БЭЖ) энергия тұтыну көлемі айтарлықтай өскені байқалған. Мәселен, 7 желтоқсанда қазақстандық энергожүйенің бүкіл тарихында тұтыну көлемінің тарихи максимумы 16 459 мегаватт болып тіркелген. Ал елдің электр станцияларының жиынтық генерациясы тек 15 203 мегаватт болған. Тапшылық ресейлік электр жүйесінен жоспардан тыс келген ағын есебінен жабылған.

"Электр энергиясы мен қуатқа деген қажеттілікті жабу үшін генерацияның жүйелі жетіспеушілігі электр станцияларында жиі болатын апаттан және жоспарланбаған жөндеулерден туындайды. Айтарлықтай теңгерімсіздік болған жағдайда жүйелік оператор Қазақстанның БЭЖ-нің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының электр энергиясын тұтынуына шектеу енгізіп, қазақстандық энергожүйенің солтүстік, оңтүстік, сондай-ақ, батыс аймағы бойынша "апат" режимін жариялауға мәжбүр", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!