Қазақстанда экологиялық әскери бөлімшелер құру ұсынылды

Қазақстанда экологиялық әскери бөлімшелер құру ұсынылды
Фото: inform.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау кезінде «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов Қазақстанда әскери салаға шығыстарды қысқартып, үнемделген қаржыны экологиялық проблемаларды шешуге бағыттауды ұсынды.

«Біз бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндігіміз бар. Біз ядролық қарудан бас тарттық, ал егер де әскери шығындарды қысқартуды бастасақ, экология үшін бұл жақсы насихаттау қадамы болар еді», - деді ол.

Сонымен қатар М. Елеусізов жастар мәселесіне де тоқталып өтті.

«Бүгінде жастар еріккеннен не істерін білмей, көбінесе түнгі клубтарға жиі барады деп айтылуда. Осы ретте экологиялық әскери бөлімшелерді құруды ұсынамын. Бұл тұрғыда жастар курстардан өтіп, орманды алқаптарды кеңейтуге үлесін қосар еді. Өздеріңіз білесіздер, елімізде орманды жерлердің үлесі көп емес. Сондықтан орманды алқаптарды көбейтсек, бұл өз кезегінде халықаралық тұрғыда үлгі болар еді», - деді ол.

Осы орайда М. Елеусізов экологияны қорғауда нақты істерге көшу керектігін атап өтті.

Дереккөз: inform.kz

Б. Қанатұлы