Қазақстанда екі министр халықпен міндетті кездесуден босатылуы мүмкін

Қазақстанда екі министр халықпен міндетті кездесуден босатылуы мүмкін
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Ұсынылған түзетулер жобасы ашық НҚА сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қолданыстағы жарлыққа сәйкес, орталық атқарушы органдардың басшылары (қорғаныс министрліктері мен сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) жыл бойы тұрақты түрде халықпен кездесулер өткізіп тұруға тиіс. Енгізілген түзетулерге сәйкес Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің де жұмыс ерекшелігі ескеріліп, өзгерістер енгізілмек. 

Сондай-ақ, орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер кестесін қалыптастыру және бекіту тәртібін өзгерту көзделіп жатыр.

Енгізілген түзетулерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жарты жылда бір рет, 1 желтоқсан мен 1 маусымға дейін өңірдегі жағдайды талдау негізінде халықты толғандыратын мәселелердің тізбесін, күн тәртібін, өткізу орны мен мерзімін айқындайды, кейін кесте жасалады. Халықты кеңінен қамту мақсатында шенеуніктер мен азаматтардың кездесулер демалыс және жұмыстан тыс уақытта өткізілмек. 

Егер орталық атқарушы органның бірінші басшысы объектив себептермен белгіленген уақытта отырысқа қатыса алмаса, онда оның орынбасары жіберіледі.

Осы және өзге де түзетулерді 8 қарашаға дейін ашық НҚА сайтында талқыланады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек