Қазақстанда депутаттыққа 14 мыңнан астам адам үмітті

Қазақстанда депутаттыққа 14 мыңнан астам адам үмітті
Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихаттарға кандидаттарды ұсыну бойынша қорытындыны жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Республика бойынша депутаттыққа 14 207 кандидат ұсынылған. Оның 13 315-і – мәслихат, 892-і – мәжіліс депутатығына үміткер. 

Биылғы Мәжіліс сайлауына партиялар арасында ең көп кандидатты Amanat партия ұсынған – 90 адам. "Ақ жол" – 54, Қазақстан Халық партиясы – 52, Respublica – 25, "Ауыл" – 25, Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы – 19, "Байтақ" – 18 үміткер ұсынған. 

Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс және мәслихат сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Мәжіліс 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 еді), оның 69-ы партиялық тізім бойынша, ал 29-ы бір мандатты округтер арқылы таңдалады.

Ал облыстардағы, Алматы, Шымкент және Астанадағы мәслихат депутаттарының жартысы партиялық тізім бойынша, жартысы бір мандатты округтер арқылы сайланады. Мұнда да саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынатындар қатыса алады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан