Қазақстанда депозитке салық салына ма? Министрлік жауап берді

Қазақстанда депозитке салық салына ма? Министрлік жауап берді
Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақыға салық енгізіледі деген ақпарат тарап жатыр. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұған дейін ресми түсіндірме берілгеніне қарамастан, әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақыға салық салынады деген жазбалар мен түрлі манипуляциялар әлі де таралып жатыр.

РЕСМИ ТҮСІНДІРМЕ
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Үкіметте депозит сыйақысына салық енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Заңда не жазылған?

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабында жеке тұлғалардың банктердегі салымдары бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайтыны көрсетілген.

«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың банктік салымдары (депозиттері) бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Осылайша, депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізіледі деген мәлімдемелердің заңнамалық негізі жоқ.

Жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылуы мүмкін

Заңда көзделген белгілер болған жағдайда көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілуі мүмкін.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды әлеуметтік-экономикалық мәселелер туралы ақпаратты таратуда жауапкершілік танытуға шақырды. Мұндай жалған мәліметтер қоғамда негізсіз алаңдаушылық пен әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін.
Есте сақтаңыз Ақпаратты өзгелерге жібермес бұрын оның анықтығын мемлекеттік органдардың ресми сайттары мен ресми парақшалары арқылы тексеріңіз.
О. Сансызбай
Logotype Massaget