Қазақстанда мыңдаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұған білім министрінің мемлекеттік білім стандарттары туралы бұйрығының өзгеруі себеп болды. Бұл туралы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы хабарлады.
"Жаңа 2022-2023 оқу жылы ғылым және жоғары білім министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы "Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы" бұйрығының күші жойылуымен және оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" бұйрығының қолданысқа енгізілуі бойынша жаңашылдығымен басталмақ. Дене шынықтыру пәнін оқытуда сыныптардың топтарға бөлінбеуі туралы шешім қабылданды. Бұл жағдай жұмыс істейтін педагогтар санының қысқаруына әкеледі. Яғни, дене шынықтыру пәнінің мыңдаған мұғаліміне жұмыстан босау қаупі туындап отыр", - делінген хабарламада.
Биыл мамырда Оқу-ағарту министрлігінің жауапты қызметкерлері педагог қауымға жаңа оқу жылының басынан бастап, елдегі мектептерде дене шынықтыру және технология пәндерін ұл-қызға бөліп оқытылатынын мәлімдеген болатын.
"Кәсіподақтың басшы органдары қызметкерлерді заңсыз іс-әрекеттерге барудан бас тартуға шақырады. Біздің құқықтарымыз бен заңды мүдделерімізді қорғау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында ғана жүзеге асырылуы тиіс", - делінген кәсіподақтың Instagram-жазбасында.