- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мал шаруашылығы
Қазақстанда дегерес қой тұқымының саны күрт кеміп кетті
Елде дегерес қой тұқымының саны күрт кеміп кетті. Алматы облысының Балқаш ауданында өткен ғасырдың соңында 130 мыңға жуық дегерес қойы болса, бүгінде содан 2 мың бастай ғана қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті шаруалар бұл қойдың тұқымын сақтап, көбейту үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет дейді.
Дегерес қой тұқымы 1930-1980 жылдары Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді құйрықты саулықты шропшир және прекос қошқарларымен будандастыру нәтижесінде пайда болды. Ол жаңа тұқым ретінде 1980 жылы бекітілді. Қазіргі таңда Балқаш ауданында аталған қой тұқымын өсірумен айналысатын бір-ақ ірі шаруашылық қалды. Онда қазір екі мыңдай таза қанды дегерес қойы бар. Соның 1500-і аналық бас.
"Ол Қазақстанның өз өнімі. Біздің Тілеухан Садықұлов деген авторы. Біз өзіміз 1991 жылдан бері айналысамыз, атакәсіп десек те болады. Иә, мемлекеттен көмек, жем-шөбіне субсидия қарастырылған. Аналық басқа 4 мың теңгеден беріледі субсидия. Жем-шөбіне 3 мың теңгеден қарастырылған. Мемлекеттен жақсы көмек болып жатыр", - дейді шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Атайбеков.
Бұл етті, жүнді бағыттағы биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы табиғаттың қатал мінезіне өте төзімді келеді. Жыл он екі ай бойы жайылып шығады. Шөп талғамайды. Саулығы 60, ал қошқарының салмағы 110 келіге дейін тартады.
"Енді әрбір шаруа қожалығымен жұмыс жасап жатырмыз. Мемлекет тарапынан қарастырылған жаңағы субсидиялар жылда беріліп келе жатыр. Одан басқа енді ветслужбаның мамандарымен уақытылы емдерін беріп, жағдайын жасап, сол бағытта жұмыстар жасалып жатыр", - дейді Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметов.
"Жылда Үкіметтен бөлініп жатқан аса қауіпті 15 түрлі ауруға қарсы егіледі. Төрт отар төрт шаруашылыққа бөлінген, төрт қыстауға. Сол қыстаулардан, міне, көктем айларында, күз айларында қан алуымыз бар, вакцина егуіміз бар. Осындай шаруашылықтардың арқасында бізге де жұмыс болып жатыр, міне", - дейді Миялы ауылдық округінің мал дәрігері Айдар Ержігітов.
Еліміз бойынша дегерес асыл тұқымды қойын өсірумен айналысатын үш-ақ ірі шаруашылық қалды. Оның бірі - Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында, қалған екеуі - Алматы облысының Жамбыл және Балқаш аудандарында орналасқан. Балқаш ауданындағы тағы бір шаруашылық алдағы жылы 500 бас дегерес қойының төлін алып, өсіруді жоспарлап отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина