Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 45 пайызға қымбаттайды

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы 45 пайызға қымбаттайды. Себебі дәріхана қоймаларына жаңадан келіп түсетін өнімдер халықаралық валюталардың қазіргі бағамы бойынша сатылады, - деп хабарлайды nur.kz Алматы арнасына сілтеме жасай отырып.

Осы орайда арнайы меморандумда көрсетіліп, құны қымбаттамайды деген 200 медициналық өнімнің бағасына да өзгерістер енуі мүмкін. Ол тізімдегі бірқатар дәрілер шетелдік фирмаларға тиесілі екен.

Жыл соңына дейін елімізге шеттен келетін дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін. Биыл бағаны өсірмеу туралы меморандумға қол қойылса да, құнды қалыпта ұстау мүмкін болмауда. Өйткені доллардың шарықтауымен, шетелдік фирмалар өнімдеріне жаңа баға қойыпты. Ал дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын кәсіпкерлер шығынға батпау үшін медициналық өнімдердің құнын өсіреді.

«Көптеген дәрі-дәрмекті шет елден аламыз және оны доллармен сатып аламыз. Сондықтан әлбетте біз оларды қымбаттатуға мәжбүрміз. Бұрын алынған дәрілер әзірге ескі бағада сатылуда. Бірақ, 1-2 аптада елімізге жаңадан дәрі-дәрмек келіп түседі. Олардың бағасы қымбат болады», – деді Алматы қаласы фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зүрият Сыбанқұлова.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 30 наурызында ДСӘДМ мен фармацевтикалық қауымдастықтарының басшылары дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 200 атауларына бағасын ұстап тұру бойынша Меморандумға қол қойылған болатын.