Қазақстанда бірнеше рет жол ережесін бұзғандар қайта емтихан тапсыруы мүмкін

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жолдағы өлімді азайту үшін жүйелі мемлекеттік шара қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

"Тасжол қатені кешірмейді. Бірақ тақтайдай тасжолға шығып қателесудің құнын өмірдің құнымен өтемейінше жаны жай таппайтындар бар. Өңірлерге жасаған іс-сапарымыз барысында халық жол апаты күрт өскеніне алаңдап отыр", - деді ол.

Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылғы қаңтар-тамыз аралығында елде 22 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 32 мыңнан аса адам зардап шеккен, 1 446 адам қаза тапқан.

"Жол апатының саны 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Кейінгі бес жылда тасжолдағы трагедиядан 12 мыңнан аса азаматымыздан айырылдық. Оның 1 мыңнан астамы - балалар", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл мәселеде мынадай нақты шешімдер қажет:

  • "Біріншіден, жүргізуші жауапкершілігі. 2024 жылы 12,6 миллион жол ережесін бұзу дерегі тіркелсе, 2025 жылғы 9 айда бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны 16 мыңнан асады. Сондықтан жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу керек.
  • Екіншіден, жүргізуші куәлігін заңсыз беруді түбегейлі тоқтату керек. Интернетте "250 мың теңгеге куәлік жасап беремін" деген жарнамалар өріп жүр. Кейінгі жылдары осындай 222 қылмыс анықталған. Жаза қатаңдамай, бұл мәселе шешілмейді.
  • Үшіншіден, айыппұлды көбейтіп, камера мен дронды тек жазалау құралына айналдыру дұрыс емес. АҚШ пен Еуропа елдеріндегідей дронды жол сапасын бақылауға пайдалану керек. Ақау анықталса, ақпарат бірден жауапты органға жіберілуге тиіс.
  • Төртіншіден, жол апаттарының 30 пайызы сапасыз жол салдарынан. Желіге жүгінсек,  Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 90-орында тұр. Белгі қойылмаған, сызық сызылмаған, шұңқыры жамалмаған жолдар апатқа апарады. Сондықтан жол салу мен бақылаудың жаңа, ашық тетігі қажет. Мердігер арзан жол емес, қауіпсіз әрі ұзақ қызмет ететін тасжол салуға міндеттелуге тиіс.
  • Бесіншіден, біржолақты тасжолдар - өлім ошағы. 2025 жылы адам өліміне әкеп соққан жол апаттары 41,9 пайызға өсті. Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жағдай ауыр. Көлік көп жүретін біржолақты жолдарды кеңейту - шұғыл әрі маңызды міндет.
  • Алтыншы, цифрлық навигация платформалары жүргізушіні қауіпті учаске, ауа райы немесе жол жөндеу туралы нақты әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге міндеттелуі керек.
  • Жетіншіден, көлікке заңсыз орнатылған LED және Bi-LED шамдарға қатаң тыйым салу қажет".

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан жеті адам қаза тапты. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!