Қазақстанда бір тәулікте бірден бес орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары Қостанай және Павлодар облыстарында, Катонқарағай ұлттық паркінде, "Семей орманы" мемлекеттік орман резерватында және "Жасыл Аймақ" аумағында анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өрт ошақтары әуеден патрульдеу кезінде анықталған. Оны ауыздықтауға орман күзеті қызметкерлері, өртсөндірушілер, арнайы техника және тікұшақ тартылды.
Қазір бес өрт ошағы да толық сөндірілген.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, "Семей орманы" резерватында мұндай жағдай жиі қайталанып жүр. Мәселен, 5 шілдеде ғана бұл аумақта бір тәуліктің ішінде төрт орман өрті тіркелген. Ол кезде өрттің алдын ала себебі ретінде найзағай түсуі айтылған еді.
Сонымен қатар, синоптиктер алдағы күндері ауа райы тұрақсыз болатынын ескертті. 11-13 шілде аралығында еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал батыс өңірлерде бұршақ жауып, екпінді жел соғуы мүмкін.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!