Қазақстанда бір жылда үш миллиард литрден аса алкогольсіз сусындар мен минералды су сатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл қаңтарда алкогольсіз сусын мен минералды су өндірісі 212,2 миллион литрге жетті, оның ішінде 41,3 миллион литр (былтырғы қаңтармен салыстырғанда 8,6 пайызға артық) - минералды және газдалған су, ал 170,9 миллион литр (бір жылдағы өсім бірден 27,6 пайызға) басқа да алкогольсіз сусындар болды.
Былтыр минералды су өндірісі көлемі 656,8 миллион литр болды. 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 0,6 пайызға аз. Басқа алкогольсіз сусындар өндірісі шамамен 2,4 миллиард литрге жетті, бұл былтырмен салыстырғанда 11,9 пайызға көп.
Қазақстанда алкогольсіз сусындар мен минералды суды Шымкенттегі "Визит" ("Буратино", "Лимонад", "Мохито", "Фруктоша" және т. б.), Түркістан облысындағы "Алекс" ("Алекс Сарыағаш"), Galanz Bottlers ("Maxi шай", Sevens, "Перво Квас"), RG Brands Kazakhstan (Piala, DaDa, Lipton, Mirinda және басқаларын), Coca Cola Kazakhstan (Coca Cola, Fanta, Sprite, Piko, Aqua және басқаларын) және басқа да зауыттар мен компаниялар шығарады.
Отандық сусындар шығаратын зауыттар былтыр минералды суға сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) 88,9 пайызға қамтамасыз етті. Сонымен қатар, жеті жыл бұрын олардың үлесі 95,2 пайызға жеткен еді. Импорт үлесі сәйкесінше 11,1 пайыз болды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда аз. 2022 жылы Қазақстанға 379,5 миллион литр минералды су мен алкогольсіз сусындар әкелінді. Бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 8,8 пайызға аз.
Алкогольсіз сусындар мен минералды судың экспорты бір жылда бірден 80 пайызға өсіп, былтыр 262,8 миллион литрге жетті, ал ішкі нарықта сату көлемі 3,2 миллиард литр болды. Былтырмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық, бес жыл бұрынғыға қарағанда 83 пайызға артық және ішкі нарықта он жыл бұрынғыдан 2,2 есе көп.
Минералды су мен алкогольсіз сусындар өндірісінің көлемі өсуіне, сондай-ақ, отандық компаниялардың нарықтағы елеулі үлесіне қарамастан, баға төмендемеген. Биылғы ақпанның қорытындысы бойынша газдалған сусындар бір жылда бірден 27,9 пайызға, минералды су 36,6 пайызға, ал газдалмаған сусындар 37,4 пайызға қымбаттады.
Өңірлер арасында минералды су бағасы 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда, Ұлытау облысында 14,9 пайыздан Жетісу облысында 62 пайызға дейін өзгерген. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан (55,1 пайызға), Қызылорда (51,8 пайызға) және Павлодар (48,3 пайызға) облыстарында айтарлықтай баға өскен.
Газдалмаған сусындар Батыс Қазақстан облысында айтарлықтай қымбаттады, яғни 77,2 пайызға. Одан кейін Атырау облысы тұр, онда баға бір жарым есе өскен. Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында да қымбатшылық бар, 48,3 пайызға өскен.
Газдалған сусындар Ақмола (43,3 пайыз) және Ақтөбе облыстарында (42,9 пайыз) қатты қымбаттады. Бағаның айтарлықтай өсуі Қызылорда облысында да байқалды, яғни 40,2 пайызға.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!