Қазақстанда бір жылда 125 ардагер өмірден өткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Қазақстаннан майданға 1,2 миллионнан аса адам аттанған. Алайда олардың жартысы елге оралмаған. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Республикада 12 атқыштар мен 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар құрылған.
"Биыл 2 мамырына дейінгі есеп бойынша, Қазақстан аумағында 229 ҰОС ардагері тұрады. Олардың көбі Алматы қаласында - 47 адам, Қостанай облысында - 23, Жамбыл облысында және ШҚО-да - 18 адамнан тұрады. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ардагерлеріміз қатары азайып барады, бір жыл ішінде Ұлы Отан соғысының 125 ардагері өмірден озды", - делінген ведомствоның Massaget.kz тілшісіне берген ресми жауапта.
Қорғаныс министрлігі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тұрақты түрде қамқорлық жасап, көңіл бөліп отыратынын атап өтті.
"Тұрғылықты жерлері бойынша әскери бөлімдердің әскери қызметшілері ардагерлерді мерейтойларымен, туған күндерімен, мемлекеттік мерекелермен құттықтайды. Қорғаныс министрі атынан ведомстволық мерейтойлық медальдар, алғыс хаттар табыс етіледі. Олардың тұратын жерлерінде салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады, әскери оркестрдің музыканттары соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, жеке құрам ардагер тұратын аулаларда салтанатты шерумен өтеді", - дейді ведомство өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!