Қазақстанда бизнеске қатысты 10 мыңнан аса негізсіз талап анықталған

Қазақстанда бизнеске қатысты 10 мыңнан аса негізсіз талап анықталған
Фото: pixabay.com

Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті "таза парақтан" реттеуді іске асыру барысы қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдаудың маңыздылығын атап көрсетті. Бизнеске әкімшілік жүктемені барынша азайту мақсатында қолданыстағы реттеуші актілердің бәріне ауқымды талдау жүргізілген. Кәсіпкерлік қызметті реттеудің 44 саласына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесінде жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан аса талап анықталған.

"Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Тізілім қажет кезде қайтадан қаралып, реттеліп отырады. Яғни орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Мемлекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр", - делінген Үкімет хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, 35 салада бұл жұмыс аяқталған. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді.

"Жалпы, "таза парақтан" реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан, осы бағыттағы бірлескен жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажет. Үкімет бизнестің сындарлы ұсыныстарын қолдауға қашанда дайын. Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінулері керек", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 миллион адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Премьер-министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтып өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек