- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда биылғы алғашқы...
Қазақстанда биылғы алғашқы алты айда бір жасқа дейінгі 1 500-ге жуық бала шетінеген
Қазақстанда осы жылдың алғашқы алты айында бір жасқа дейінгі 1 500-ге жуық бала шетінеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 189,5 мың бала дүниеге келсе, оның 98 мыңы – ұл, 91,5 мыңы – қыз. Туу коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 19,20 болды.
Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1 000 тұрғынға шаққанда 25,97 адам), Түркістан (25,46) облыстарында және Шымкентте (24,70) тіркелді.
Осы кезеңде 63,6 мың адам қайтыс болған, ал 1 000 адамға шаққандағы өлім-жітім коэффициенті – 6,44 адам. Осылайша, жарты жылда халықтың табиғи өсімі 125,9 мың адам болды.
Өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан (1 000 тұрғынға 11,07), Солтүстік Қазақстан (11,06) және Қостанай облыстарында (10,04) байқалды, бұл осы өңірлер халқының жас құрылымымен байланысты.
Биылғы алғашқы алты ай ішінде 1 жасқа дейінгі 1 454 нәресте шетінеп, 1 000 туғанға шаққандағы нәресте өлімінің коэффициенті 7,67 болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан