Қазақстанда биыл қашан қар жауады?

Синоптиктер Қазақстанда биыл қашан қар жауатынын болжады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазгидромет" мамандарының болжамына қарағанда, Қазақстанның басым бөлігінде қар желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында жауады.

Желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады, сондай-ақ тұман, көктайғақ болады, ал солтүстік өңірлерде жел ұйытқып, жаяу бұрқасын болады.

"Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде аяз болады. Қар жауып, бұрқасын жел күшейеді, түнгі уақытта 10-20, күндіз 3-10 градусқа дейін суық болады", - делінген хабарламада.

Күз неге жылы боп тұр? 

Синоптиктер Қазақстан аумағына тән емес жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі болуымен, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуімен байланысты деп отыр.

Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10 грудус жоғары болды.

Метеобақылау тарихында биылғы қараша айы өте жылы болды, жылы ауа райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Кейінгі рет қарашада жылы ауа райы 2010 жылы болған, ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7 градус ауытқыды.  

Бұл тарихта қашан байқалды?

Көпжылдық бақылаулар бойынша Астанада қар ең кеш дегенде 1967 жылғы 15 желтоқсанда (56 жыл бұрын) және 2008 жылғы 14 желтоқсанда (15 жыл бұрын) жауған.

"Астанада қар жамылғысының ерте жайғасуы – 10 қазан, орташа жайғасуы – 10 қараша, ал кеш жайғасуы - 15 желтоқсан. Кейінгі үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа биіктігі 8-13 сантиметр болды", - делінген синоптиктердің болжамында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!