Қазақстанда бензин тапшылығы болуы мүмкін бе? Министрлік жауап берді

Энергетика министрлігі Ресейдің жанармай нарығындағы жағдайға байланысты Қазақстанда бензин тапшылығы болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Вице-министрдің сөзінше, "Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жеткізілуі мүмкін" деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Ресей Федерациясынан қандай да бір гуманитарлық көмек көрсету бойынша ресми өтініш түскен жоқ. Менің түсінуімше, бұл ақпарат блогерлер арасында пайда болған. Сондықтан оны растамаймын", - деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Сондай-ақ, ол Қазақстан Ресейден бензин импорттайтыны туралы ақпаратты да теріске шығарды.

"Қазақстан Ресей Федерациясынан бензин сатып алмайды. Иә, авиакеросин мен дизель отынын әкелеміз, бірақ бензин импорттамаймыз. Ішкі өндіріс ішкі тұтынуды толық өтейді. Бүгінде қажет отын қоры қалыптасқан, сондықтан ешқандай тапшылықты болжап отырған жоқпыз", - деді вице-министр.

Оның сөзінше, министрлік 2026 жылдың соңына дейін жанар-жағармай материалдары тапшылығын болжап отырған жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз