Қазақстанда бала туу көрсеткіші күрт өсті. Бұл құбылыс пандемиямен байланысты емес. Елде бала туу көрсеткішінің өсуі пандемияға дейін басталған. Мұны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш ведомства 2020 жылдың қарашасы мен 2021 жылдың соңғы айларына дейінгі әлемдік туу көрсеткіштерін қарастырып, 5 жылдағы туу қарқыны жөніндегі деректермен салыстырған. Туу инерциясына мән берген мамандар туу көрсеткішінің кейбір елде өсіп, ал кейбір елде төмендегенін байқаған.
"Португалияда, Румынияда және Чилиде туу деңгейі сәйкесінше 9%-ға, 12%-ға және 19%-ға төмен болғаны байқалды. АҚШ пен Швейцарияда мұндай төмендеу 4-5%-ды құрады. Бельгия, Италия, Словения, Испания, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Франция елдерінде туу көрсеткіші 1,3-2,5%-ға төмендеді (трендпен салыстырғанда)", - дейді ЕРДО Болжамдау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшев.
Ал кейбір елде карантин және онымен байланысты шаралар баланың дүниеге келуіне оң әсер етті. Мәселен Тайваньда, Нидерландта, Корея Республикасында нақты туу көрсеткіші трендтік мәннен 3,1-5,6%-ға асып түскен. Әсіресе, Украина мен Ресейде пандемия тұсында туу көрсеткіші рекордтық деңгейге жеткен. Украинада туу 7,3 пайызға, Ресейде 8,8 пайызға өскен.
"Алайда, бұл Ресей мен Украинада туудың карантинге дейінгі кезеңмен салыстырғанда жоғарылағанын білдірмейді. Мысалы соңғы жылдары Украинада туудың төмендеу үрдісі байқалды: бұрынғы динамиканың сақталуымен 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылдың маусымына дейін туылғандардың саны 166,6 мыңды құрауы мүмкін еді, бірақ карантиннің арқасында туудың төмендеу қарқыны баяулап, 178,8 мың нәресте тіркелді", - деп түсіндірді маман.
Ал Қазақстанда туудың күрт өсуі 2020 жылдың III тоқсанынан бастап басталған. Осы кезеңде 117 мыңға жуық бала дүниеге келген. Бұл 2019 жылғыдан 8,4 пайыз көп. 2020 жылғы IV тоқсанда өсім 2019 жылғы IV тоқсанға қарағанда 9,5%-ды құрады. 2021 жылғы I-II тоқсандарда өсім 2020 жылғы тиісті тоқсандарға қарағанда 8,4 және 10,7%-ды құрады.
"Бізде (Қазақстанда) карантин бэби-бумға әкелді деген пікір кең таралған. Бірақ олай емес. Бұған 2020 жылғы III және IV тоқсанының көрсеткіші дәлел. 2020 жылғы III тоқсанда туған балалар 2019 жылдың IV тоқсанында, тіпті Ухань тұрғындары жаңа жұқпалы коронавирус туралы хабардар болмаған кезде бойға біткен. Сондай-ақ, Қазақстанда 2020 жылғы IV тоқсанда туған балалардың аз ғана бөлігі карантин кезінде бойға бітуі ықтимал, өйткені алғашқы карантиндік шектеулер 2020 жылдың наурыз айының ортасында-аяғында енгізілді", – деп түсіндірді сарапшы.
Мамандардың айтуынша, елде бала туу көрсеткішінің өсуіне себеп болған негізгі нәрсе - көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының енгізілуі.
Аталған жәрдемақылардың ынталандырушы рөлін Қазақстанда туу кезектілігі бойынша бала туу статистикасы қосымша растайды.
"2020 жылы Қазақстанда 426 824 бала дүниеге келді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 514 балаға көп. Бала туу өсімінің басым бөлігі (65%) кезектілік бойынша төртінші баланың тууы есебінен қамтамасыз етілді. Бала туудың 24%-ға өсуі балалардың туу кезегі бойынша бесінші есебінен қамтамасыз етілді. Осылайша, Қазақстанда көпбалалы отбасылар бойынша жаңа ай сайынғы жәрдемақы, негізінен кезек бойынша 4 және 5 баланың туылуын ынталандырады", - делінген баспасөз мәліметінде.