Қазақстанда басы дауға алған кәсіпкерге халықаралық іздеу жарияланды

Қазақстанда басы дауға алған кәсіпкерге халықаралық іздеу жарияланды
Фото: instagram.com/alexanderorlovbulldozer

Алматыда, Астанада және шетелдегі қымбат мейрамханалар желісінің иесі ресейлік кәсіпкер әрі ресторатор Александр Орловқа халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы ресейлік БАҚ жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"Тануки және "Ерш" желілерінің негізін қалаушы және ресторатор Александр Орловқа Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 165-бабы "Алдау арқылы мүліктік залал келтіру" бойынша халықаралық іздеу жарияланды", - деп хабарлайды Mash Telegram арнасы.

Қараша айының ортасында рестораторға Ресейде қылмыстық іс бойынша федералдық іздеу жарияланғаны хабарланған болатын.

Бұған дейін Орлов Ресейден кеткен болатын. 2023 жылдың тамызында кәсіпкер үш компаниясындағы: "Тануки", "Тануки-Краснодар" және "Тануки-Н.-Новгородтағы" 33,3 пайыз акциясын сатты. Ол сонымен қатар Bulldozer Group мейрамханалар тобынан бас тартты. Оған қоса, ол кетер алдында таныстарына Мәскеудегі пәтерін сыйға тартқан. 

2022 жылы Александр Орловтың басы дауға қалған. Кәсіпкер "Орталық Азияда білікті кадрларды табу қиын, олар тапшы" деді. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың наразылығын тудырды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан