Қазақстанда бас ісігін ерте анықтау мүмкіндіктері артып келеді

Қазақстанда бас ісігін ерте анықтау мүмкіндіктері артып келеді
Фото: автордан

Бас ісігін анықтаудың озық әдістері ПІБ ауруханасында пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы негізгі радиофармацевтикалық дәрілік препарат - 11С-метионин өндірумен өз мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Бұл туралы Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дадебаев өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Ядролық медицина бөлімі ПІБ Медициналық орталығының ауруханаларында радиофармацевтикалық дәрілік препарат өндіруді қолға алды. 11С-метионинді қолдана отырып томография (ПЭТ/КТ) жасау - ерте диагностиканың инвазив емес әдістерінің ішіндегі дәлділігі ең жоғарысы. Инвазив емес әдіс күдікті өсіндіні зерттеуде және биопсия жасау үшін арнайы тін жинауды қажет етпейді.

Ядролық медицина орталығы іске қосылған сәттен бастап үш дәрілік препарат әзірленіп, өндіріске шығарылды. Былтыр желтоқсанда барлық қатерлі ісіктің 50-60 пайыз анықтай алатын әмбебап радиофармацевтика өндірісі жұмыс істей бастады. Биыл наурызда сүйек метастаздары мен қатерлі сүйек түзілімдерінің әртүрлі түрін диагностикалау үшін қолданылатын арнайы препарат өндірісі іске қосылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова